Шегіртке дернәсілдерін бақылау үшін арнайы дрондар сатып алынады

24 Мамыр 2024, 16:10
411
Бөлісу:
Шегіртке дернәсілдерін бақылау үшін арнайы дрондар сатып алынады
Фото: primeminister.kz

Мемлекет шегіртке дернәсілдерін бақылау үшін фитосанитарлық қызметке көмекке арнайы дрондар сатып алады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Сондай-ақ егістікті өңдеуге арналған дрондарды сатып алуды субсидиялау мүмкіндігі қарастырылады.

Астанада 23 мамыр күні вице-премьер Серік Жұманғарин шегірткеге қарсы күрес жөніндегі жедел штабтың екінші отырысын өткізді.

Қазіргі уақытта барлық өңірлерде облыс әкімдері орынбасарларының басшылығымен жедел жұмыс үшін жергілікті деңгейдегі штабтар құрылды. Болжамдар өзгерген жоқ, өңдеуге бекітілген аумақ 2,5 млн га көлемінде қалып отыр. Ең үлкен аумақ – Ақтөбе (784,4 мың га) және Қостанай (775,6 мың га) облыстарында. Бұл аумақты шегірткенің итальялық прус түрінен тазарту қажет.

Шығыс, солтүстік және орталық аймақтардағы суық ауа райына байланысты шегіртке дернәсілдерінің жаппай көбеюі мен дамуы кешеуілдеп тұр. Өңдеу жұмыстары Ақтөбе (10,8 мың га), Алматы (0,2 мың га), Атырау (0,8 мың га), Жамбыл (5,1 мың га), Жетісу (0,7 мың га), Батыс Қазақстан (0,6 мың га) облыстарында басталды.

Түркістан және Жамбыл облыстарында таралған марокко шегірткесіне қарсы өңдеу жұмыстары аяқталды. Түркістанда тазарту 255,3 мың га-ға немесе 94%-ға жүргізілді, Жамбылда – 9,7 мың га немесе 99,5% жер өңделді.

Шегірткелердің таралуының үлкен ауқымын, қол жетпейтін жерлерде жұмыс істеудің күрделілігін және дернәсілдердің нақты орналасқан жерін білудің маңыздылығын ескере отырып, Ауыл шаруашылығы министрлігі шегірткелерді бақылау және нақты фитосанитарлық карталарды жасау үшін АӨК-дегі Мемлекеттік инспекция комитетінің аумақтық инспекцияларына дрондар сатып алады.

Дрондар шегірткеге қарсы күресте тиімділігін көрсетеді. Дернәсілдердің белсенді өсу мерзімінің қысқа кезеңінде мұндай аумақтарды дәстүрлі түрде – жаяу немесе машиналармен өңдеп шығу өте қиын. Толық өңделмей қалу ықтималдығы жоғары. Ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және құрылыс министрліктері егістіктерді зиянкестерден өңдеу үшін дрондарды инвестициялық субсидиялау мәселесін пысықтауы қажет, – деп қорытындылады жедел штаб отырысын Серік Жұманғарин.

Өзгелердің жаңалығы