Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов октагонға қашан қайта шығатыны туралы неге әлі хабар жоқ екенін алғаш рет түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Х әлеуметтік желісіндегі жаңа жазбасында Рахмонов екінші операциядан өткенін, соған байланысты октагонға оралу мерзімі қайтадан кейінге шегерілгенін мәлімдеді.
Жауынгердің жолы ешқашан оңай болмайды. Өмір бізге еңсере алмайтын сынақ бермейді. Әр арманның өз бағасы бар, кейде сол баға – денсаулық болады. Бүгін ашық айтуым керек: жарақатым ұзаққа созылып кеткендіктен тағы бір операция жасауға тура келді, енді толық қалпыма келу үшін уақыт қажет. Осыған байланысты октагонға оралуым кейінге қалады, – деп жазды Шавкат Рахмонов.
Жекпе-жекші бұл жаңалықтың өзі үшін де ауыр екенін айтты.
Мұны қабылдау оңай емес. Дегенмен мен әр артқа шегініс – үлкен жоспардың бір бөлігі екеніне шын сенемін. Мен бұрынғыдан да мықты, ақылды әрі аш келемін. Мақсатым сол күйі тірі. UFC белдігі әлі де Қазақстанға келуі тиіс, – деп қосты ол.
Сондай-ақ Рахмонов қандай жағдай болса да өзімен бірге қалған жандарға алғыс айтып, жарақатына байланысты мансабын аяқтауға ниетті емес екенін нақтылады.
Алдын ала бағалау бойынша, Рахмоновтың толық қалпына келуі үшін кемінде 9 ай уақыт керек.
Айта кетейік, жуырда оны Алматыда өткен Naiza турнирінде балдақпен және тізесіне таңғыш тағып жүрген күйінде байқап қалған. Дәл осы аяғына Шавкатқа 2025 жылдың мамырында ота жасалған еді.