Шавкат Рахмоновтың әйеліне сот үкімі шықты

Спортшының жұбайы былтыр жазда жол-көлік оқиғасына ұшыраған болатын.

 видеодан алынған кадр Бүгiн 2026, 14:53
Бүгiн 2026, 14:53
189
Фото: видеодан алынған кадр

Жамбыл облысындағы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гулайым Рахмоноваға қатысты үкім шықты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Соттың баспасөз қызметі 2026 жылғы 27 наурызда істің мән-жайын баяндады.

2025 жылғы 27 шілде күні шамамен сағат 8:30-да Рахмонова Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Алматы – Екатеринбург тасжолында Toyota Land Cruiser автокөлігін басқарған. Шаршаңқы күйде отырып, жол қозғалысы ережелерін бұзып, көлікті игере алмай қарсы бағытқа шығып кеткен. Салдарынан көлік аударылып қалған. Оқиға нәтижесінде екі жолаушы (айыпталушының құрбысы мен әпкесі) алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды, ал айыпталушының өзі ауруханаға жеткізілген, – делінген хабарламада.

Рахмонованың кінәсі тараптардың айғақтары, сараптамалар қорытындылары және іс материалдары арқылы дәлелденген.

Прокурор оған 5 жыл бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыруды, жазаны 5 жылға кейінге қалдыруды сұраған.

Жәбірленуші тараптар айыпталушыны кешірген. Ал оның өзі кінәсін мойындамаған.

Айыпталушының жасы 2 мен 9 аралығындағы төрт баласы бар. Сот кәмелетке толмаған балаларының болуын жеңілдететін мән-жай ретінде таныды, ал ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Сот үкімімен Рахмонова Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылды, сондай-ақ 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды. Жазаны өтеу 5 жылға кейінге қалдырылды, – деп мәлімдеді сот.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, Шавкат Рахмоновтың жұбайы мен ұлы қатысқан адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы 2025 жылғы 27 шілдеде  Алматы – Екатеринбург тасжолында болған. Әлеуметтік желілердегі мәліметтерге сүйенсек, Гулайым Рахмонова ұлымен және құрбыларымен Қарағандыдан Алматыға бет алған. Оқиға орнынан Рахмоновтар ауруханаға жеткізілгені айтылған. 28 шілдеде зардап шеккендердің Шу қалалық ауруханасынан шығарылып, Алматыға жолға шыққаны белгілі болды.

Наверх