Бүгін аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов Павлодар облысының құрметті қонағы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ әкімдікке сілтеме жасап.
Облыс әкімі Асайын Байханов облыс әкімдігінде танымал спортшымен кездесіп, оны соңғы жекпе-жектегі әсерлі жеңісімен құттықтады. Әкім атақты қазақстандыққа жоғары жетістіктері үшін алғыс айтып, халықаралық аренада ел намысын қорғау оңай емес екенін атап өтті. Сонымен бірге, ол спортшыға жарқын жеңістер мен басты мақсат - UFC чемпиондық белбеуін жеңіп алуын тіледі.
Өз кезегінде Шавкат Рахмонов өзіне назар аударып, кездескені үшін алғысын білдіріп, жанкүйерлерді алдағы уақытта да әлемдік алаңдарда жеңістерімен қуантуға тырысатынына уәде берді.
Павлодарда Шавкат Рахмонов «Баянтау» спорт сарайы мен Олимпиадалық резерв мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесті. Ол жас спортшыларға ерік-жігер, физикалық және рухани күш-қуат, ең бастысы жақсы оқып, әрқашан білімдерін толықтыруларын тіледі.