Шәукенова: Референдум- халықтың саяси мәдениетін дамытады

1 Маусым 2022, 11:58
1624
Бөлісу:
Шәукенова: Референдум- халықтың саяси мәдениетін дамытады
Фото: inform.kz

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 25 қаңтарда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында: «Біз жаңа саяси мәдениет қалыптастырып жатырмыз. Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт. Өзгенің пікірін құрметтеп, диалог жүргізу арқылы ғана еліміз ілгері жылжиды» деп жазды.

Осы орайда Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, әлеуметтану ғылымдарының докторы Зарема Шәукенованы елдегі болып жатқан саяси үдеріске қатысты әңгімеге тартқан едік.

- Өзіңіз білесіз, біздің қоғамда саяси үрдісті байыпты қалыптастыру жолға қойылған. Десе де, соңғы оқиғалар көрсеткендей, елдегі саяси мәдениеттің үйлесімсіздігін аңғаруға болады...

- Рас, Қазақстан халқының саяси мәдениеті әртүрлі факторлардың әсерімен қалыптасты. Олардың негізгілері – әлеуметтік-экономикалық жаңғырту және халықтың әл-ауқатының артуы. Біздің азаматтар әлеуметтік әл-ауқатты қамтамасыз етудің ең маңызды шарты ретінде күшті мемлекет қағидатын қолдады. Патернализмнің маңызды құрамдас бөлігі ұзақ уақыт бойы қоғамда саяси реформаларға қатысты қалыпты көңіл-күйді сақтауға мүмкіндік берді.

Қазақстандық қоғамның саяси мәдениетінің қалыптасқан құрылымын ескере отырып, республика азаматтарының саяси санасында өзгерістер ырғағының күрт жеделдеуі түбегейлі реформаларды жақтаушылар үшін айтарлықтай негіз болған жоқ. Сонымен бірге, біз қоғамдық көңіл-күйдің қалай өзгергенін, азаматтық бастамаларды таныту талабының күшейгенін, қоғамдық пікір көшбасшыларының белсенділігінің артқанын, билік алдында адамның барлық қажеттіліктерімен және мүмкіндіктерімен басты рөл атқаратын мемлекеттік саясатты әлеуметтік түзету міндеттері тұрғанын көрдік, бәрі сайып келгенде, саяси сипаттағы сан алуан талаптардың ұсынылуына әкелді.

- Бәріміз түбегейлі өзгерісті қалаймыз, алайда іс жүзінде, тіпті қолма-қол іске асыруға келгенде тартыншақтай беретін секілдіміз?

- Елімізге түбегейлі өзгерістер қажет екенін түйсінетін кез келді. Бұған Мемлекет басшысының өзі де мүдделі екенін және соған сенімділігін биылғы 16 наурызындағы Қазақстан халқына Жолдауы арқылы көрсетті. Дер кезінде түбегейлі реформалар жүргізілмесе, болмай қоймайтын тоқыраудың жойқын зардаптары туралы соңғы кеңестік тарихтан мысал келтіре отырып, Президент қаңтар оқиғасы белгілі бір дәрежеде ішкі тоқыраудың салдары болғанын айтты.

Қоғамдық өзгерістерге деген сұраныс қабылданды және президенттің саяси реформалаудың төрт пакетінде жүзеге асырылды. Бұл маңызды бастамаларды іске асыруға мүмкіндік берді. Ол өз кезегінде қоғамдағы өзара жауапкершілік пен сенімнің жаңа саяси мәдениетін қалыптастырудың бастамасы болды. Саяси қайта құру азаматтардың барлық деңгейде шешім қабылдауға дайындығын көрсетті. Ал бұл жолда тоқтауға болмайды. 

- Жақсы, саясаттанушы ретінде Мемлекет басшысының келесі қадамы қандай болуы мүмкін деп ойлайсыз?

- Президенттің келесі қадамы – Қазақстан дамуының саяси моделін қайта құру. Ең алдымен суперпрезиденттік басқарудан күшті Парламенті бар президенттік республикаға түпкілікті көшу қажеттілігі.

Осы стратегиялық пайымды шындыққа айналдыру үшін Мемлекет басшысы Президенттің өкілеттіктері мәселесін қарастыратын, сондай-ақ биліктің өкілді тармағын қайта форматтау, сайлау жүйесін жетілдіру, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейту, сайлау үдерісі жаңғырту, құқық қорғау институттарын нығайту, бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және азаматтық қоғам институттарының рөлін күшейту, елдің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру, дағдарысқа қарсы басым шараларды қамтитын бастамаларды ұсынды. Бұл бастамаларды жүзеге асыру үшін Конституцияның 30-дан астам бабына түзетулер енгізу қажет болды. Бұл азаматтардың ел басқаруға қатысуын арттыруға бағытталған өзгерістердің ауқымын көрсетеді. Осы мақсатта конституциялық реформа жарияланды. Бүгінгі күні барлық ұсынылған түзету белгілі-бір деңгейде көпшіліктің қолдауына ие болды. Өйткені олар мүмкіндігінше көбірек талқыланған мәселелерге қатысты болды.

- Демек, Конституциялық реформалар, күні ертең өткелі отырған референдум – барлығы да қайнап, пісіп, иі қанған мәселе дейсіз ғой?

- Тура солай. Дегенмен, соған қарамастан, консервативтік сананың модернизацияға қарсы күшті құралы – инерция бар екенін атап өткен жөн, ол инновацияларды «қыспаққа» алады және оларды өзіндік стереотиптер мен нормативті-құндылық кешендерге бейімдейді. Сонымен қатар, кейде инновацияның бастапқы мақсаты бұзылады немесе мүлдем өзгереді. Формальды түрде реформалар саясаты қолдау табуы мүмкін, бірақ шын мәнінде модернизациялау жобалары «кейінге қалдырылады», өзгерістер толқыны үйреншікті, стереотиптік ойлау тәсілдері мен әлеуметтік әрекеттің жартасты жағалауында сөндіріледі.

- Бұндай «керітартпа» түсініктен қалай құтылуға болады?

- Одан шығар жол көп. Мен бір ғана бағытын айтқым келеді. Мысалы, инновациялық даму бағдарламаларын жүзеге асыруға бұқаралық сананы жұмылдыру бірінші кезекте көпшіліктік қолдау тетігін енгізу арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Осы тұрғыда Президент Қ.К.Тоқаевтың еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы бойынша жалпыхалықтық референдум өткізу туралы шешімі ерекше маңызға ие. Бұл, әрине, жаңа саяси мәдениетті дамыту тұрғысынан шешуші қадам. Бұл бүкіл саяси жүйені қайта жүктеу, оның құқықтық негізін жасау, болашақта бүкіл құрамдас бөліктер қалыптасатын негіз бола алады.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы