Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Көне замандардан бергі ХХ ғасырдың орта шегіне дейін Орта Азияның шөлді аймақтары мен өзен жағасындағы орманды алқаптарда бұғылар мекен етті.
Ұжымдастыру, ауыл шаруашылығы мақсатында жаңа жерлерді игеру, бейберекет аң аулаудың нәтижесінде соңғы тоғай бұғысы 1956 жылы Сырдария және Іле өзендерінің бойынан Тұран жолбарысымен бірге Қазақстан аумағынан біржолата жойылды.
Бұғының бұл ерекше түрін ғылым тілінде «Бұқар бұғысы» (Cervus elaphus bactrianus) деп атап жүр. Одан тыс, бұл бұғының бірнеше атауы: «Хангүл», «су бұғысы», «тоғай бұғысы» дейтін айқындауыш аттары қатар аталып жатады. Бұл атаулардың қайсысы болмасын, бұғының бұл түрін дәл сипаттап тұрғандай.
Бұқар бұғысы тарихи мекен ету ортасына оралды
Өткен ғасырдың 60-жылдарының ортасында Амудария бассейнінің «хангүлі» бұғысы «Жолбарыссай» («Тигровая балка»), «Арал-Пайғамбар» қорықтарында ғана сақталды. Ал, Тәжікстанның Дарғанат шатқалындағы тоғай бұғыларының саны шамамен 400 бас болатын. Ал, 80-ші жылдардың басында жалпы Орта Азиядағы Бұқар бұғыларының саны мың басқа жетті. Орта Азия мемлекеттерінің тәуелсіздік алып, қайта құру кезеңінде, сондай-ақ, тәжік-ауған соғысының әсерінен 90-шы жылдардың аяғында Бұқар бұғыларының жалпы саны 350 басқа дейін төмендеп кетеді. Адамзат алдында Бұқар бұғыларын сақтап қалу жауапкершілігі тұрды.
Қазақ жеріне Бұқар бұғысын әкеліп, қайта жерсіндіру тәжірибесі 1981 жылдан басталады. Сол жылы Алматы облысының Іле өзені бойында орналасқан «Қарашеңгел» аң аулау мемлекеттік шаруашылығына Тәжікстаннан 22 бас Бұқар бұғысын алып келген. 2000-шы жылдардың басында сол 22 бастан тараған бұғылар саны 300 бастан асты.
«Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры» (WWF) 2000 жылы Бұқар бұғыларын тарихи мекен ету ортасында сақтау және қайтадан қалпына келтіру мақсатында арнайы бағдарлама жасайды. Бағдарлама үш бағытта дамиды. Солардың бірі – тоғай бұғыларын Сырдария өзенінің орта ағысындағы тарихи отанына қайтару жобасы болды. Ғалымдар Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласынан 50 шақырым жерде орналасқан «Қызылшаруа» орманшылығы Сырдария өзені жағасындағы 2 гектар аумаққа бұғы тұқымбағы салынады. «Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының» (WWF) қолдауымен, Сырдария бойындағы алдын ала тұрғызылған тұқымбаққа 2001 жылдың 31 мамыр күні Бұқар бұғысының 3 басы, 2003 жылы қараша айында тағы 6 басы «Түркістан» тұқымбағына «Қарашеңгел» аңшылық шаруашылығынан жеткізілді. 2005 жылы қысқы мезгілде Сырдария өзенінің тасуы тұқымбақта орналасқан Бұқар бұғыларына қауіп төндіруіне байланысты Шымкент қаласында орналасқан зообаққа 16 бас тоғай бұғыларын көшірді. Ал, 2007 жылы «Шымкент зообағынан» 19 бас тоғай бұғысы Сырдария өзені бойындағы тұқымбаққа қайта оралды. 2009 жылы «Қарашеңгелден» тағы 12 бас бұғыны «Түркістан» тұқымбағына алып келеді. Сол жылы тұқымбақтан 10 бас (екі аталық, сегіз аналық) тоғай бұғылары табиғи ортаға жіберілді. 2013 жылы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі құрылады. Сырдария жағасының ерекше қорғалатын табиғи аумақтар санатына өтуі тоғай бұғыларының көбеюіне ерекше әсер етті. Тұқымбақтағы бұғылар санының артуына байланысты «Түркістан» тұқымбағын 20 гектарға ұлғайту жұмыстары жүргізілді.
2017 жылы жылы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі «Сырдария» филиалының «Арыс» орманшылығы аумағынан 20 гектар жерге Бұқар бұғыларының «Шөгірлі» тұқымбағы салынды. Қазіргі таңда Бұқар бұғыларының саны тұқымбақ аумағында 94 бас, ал еркіндікке жіберіліп табиғи ортада өсіп жатқан бұғылардың саны 89 басқа жеткен. Жақын күндерде тұқымбақтағы бұғылардың басым бөлігін табиғи ортаға жіберу жоспарланып отыр. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF) мамандарымен бірлесіп, алдын ала дайындалған «Шөгірлі» тұқымбағына 2020 жылы «Түркістан» тұқымбағынан 3 бас, «Қарашеңгел» аңшылық шаруашылығынан 5 бас бұғы жеткізілді.
Қызыл кітапқа енген жануарды қорғауға қызылордалық орманшылар неге құлықсыз?
Қазіргі таңда еркіндікте жүрген Бұқар бұғыларының таралу аумағына зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы зерттеу жұмыстары көрсеткендей, Бұқар бұғыларының таралу аумағы Түркістан облысының Отырар ауданына қарасты Қоғам ауылы тұсынан бастап, Қызылорда облысының Шиелі және Жаңақорған аудандары аумағына дейінгі алқапты мекен етіп жатқаны белгілі болды. Жойылып кетудің алдында тұрған Бұқар бұғыларына деген Қызылорда облысы табиғат қорғау мекемелерінің немқұрайлы көзқарастары себебінен Қызылорда облысы аумағында Бұқар бұғыларының нақты саны белгісіз болып отыр.
Қызылорда облысы аумағында «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі мен «Охотзоопром» ӨБ РМҚК мамандары бірлесіп жүргізген санақ жұмыстарының нәтижесінде Бұқар бұғыларының негізгі мекен ету орындары анықталып отыр.
Бақылау орны №1.
«Қарғалы» зоологиялық қаумалы.
«Охотзоопром» ӨБ РМҚК қызметкерлерінің мәліметі бойынша, және де Шиелі ауданы тұрғындарының арасында алын ала жүргізілген сауалнама нәтижесінде, «Қаратау» қорығының Шиелі ауданындағы «Қарғалы» зоологиялық қаумалы аумағынан Сібір елігіне ұқсас, бірақ дене тұрқы айтарлықтай үлкен жануарларды көргендері туралы ақпарат келді. Аталған ақпаратқа сүйене отырып, «Қарғалы» қаумалына қарасты «Ақдөң» кордонының маңайында шолу жұмыстарын жүргіздік.
Сырдария өзені жағасынан (координаты 43,946121, 66,839015) Бұқар бұғысының ізіне ұқсас із байқалды. Іздің Бұқар бұғысынікі екеніне дәлел: іздің тоғай ішінен суатқа түсуі бөгде жабайы жануарларға тән бір жолмен қайта жүрмеуінде.
Көктал түбегін шолып қарау барысында (координаты 43,962401, 66,871766) Бұқар бұғылары іздерін тоғай ішінен және Қалғандария жағасынан көптеп кездестірдік. Аталған аумақ «Қарғалы» зоологиялық қаумалы мамандарымен қорғалғандықтан, сондай-ақ қоршауға алынған «Казатомпром» кеніштері мен Сырдария өзенінің аралығында орналасқандықтан, Бұқар бұғыларының мекен ету ортасының қауіпсіз болуы мұнда бұғылардың көбеюіне ықпал етіп отыр деп қорытындылауға мүмкіндік береді. Бұған мысал, «Қарғалы» қаумалының негізгі құраушы аңдары: Сібір елігі, доңыз, борсық, толай қояны, сырдариялық қырғауыл т.б аң-құстардың басқа аумақтармен салыстырғанда анақұрылым көп. Сонымен қатар, Бұқар бұғыларының негізі ареалы болып табылатын тораңғы тоғайлары мен жыңғылды-қамысты алқаптар жақсы сақталған. Сондықтан, мұнда шамамен 4-5 бас Бұқар бұғылары мекен етеді деген тұжырым жасалды.
Жаңақорғанда бұғылар ізі сайрап жатыр
Бақылау орыны №2.
Сырдария өзеніндегі Бесарық көпірі.
Жаңақорған ауданындағы Бесарық көпірі маңын бақылау барысында Бұқар бұғыларының көптеген іздері мен құмалағы кездесті. Бұл маңда жайылып жүрген Бұқар бұғыларын Бесарық ауылының тұрғындары суретке түсіріп алған. Бесарық ауылының тумасы Кенжебек Шәметов екі бас Бұқар бұғысының Айқожа ишан кесенесі мен Адай аралының аралығында жиі көретінін айтты (координаты 43,556615, 67,493777). Шиелі ауданы аумағында кездескен іздерге қарағанда, бұл маңда іздер анағұрлым көп. Шамамен бұл аумақта 7-8 бас бұғы мекендейді деп болжауға болады.
Бақылау орыны №3.
Келінтөбе ауылы, Шараптың көлі.
Бұл маң Бұқар бұғыларының нағыз мекен ету ортасы болып шықты. Келінтөбе ауылынан түсіп, Үмет аралының шеткі нүктесін шолу барысында мұнда бұғылардың саны едәуір көп екендігі көрініп тұрды. Тоғайдан суатқа түскен бұғы іздері айқышталып жатыр. Жалпы, Үмбет аралының ұзындығы 15 шақырым, қалың тораңғы тоғайы мен шегі жоқ қамысты алқаптар Бұқар бұғыларының өсіп-өнуіне тікелей әсер етіп отыр. Өкініштісі, бұғылардың көп шоғырланған Үмбет аралы мен Шараптың көлі жеке меншікте екен. Бұғылар күрішті алқаптарда жиі кездесетіні туралы ақпаратты көп естідік.
Жалпы, Жаңақорған ауданындағы Сырдария өзені жағалауынының барлық аумағында Бұқар бұғылары мекендейді деп байлам жасауға болады. Өкінішке қарай, жергілікті орман шаруашылығы қызметкерлері орман қоры аумағында Бұқар бұғыларының мекен етенін бірнеше жылдардан бері біле тұра, осы уақытқа дейін санақ жұмыстарын жүргізбеген. Бұқар бұғылары жойылудың алдында тұрған түр саналады. Ол «Бүкіл әлемдік табиғат қорғау ұйымының» қорғауына алынған, Қазақстан Республикасының Қызыл Кітабына енгізілген. Жаңақорған орманшылығының табиғаттағы аса маңызды түр – Бұқар бұғыларына деген жауапсыздығын аудан аумағында болған сапарымыз кезінде байқадық.
Ғани НАЗАРБЕК
«Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің қызметкері