Шаруалар суды үнемдеп пайдаланудың технологияларын енгізуге көшуі керек – Әбдіқалықова

6 Ақпан 2022, 12:17
1486
Бөлісу:
Шаруалар суды үнемдеп пайдаланудың технологияларын енгізуге көшуі керек – Әбдіқалықова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қызылордалық шаруалар түсіністік танытып, суды үнемдеп пайдаланудың технологияларын енгізуге көшуі керек.

Бұл туралы өңір басшысы Гүлшара Әбдіқалықова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Бүгінгі күні өңіріміз үшін ең өзекті мәселе суға қатысты екені белгілі. Сыр перзенті ретінде Сырдариядағы су көлемінің жеткілікті деңгейде болмауы мені де алаңдатады. Бұл ретте бірлескен шешімдерді қабылдау күн тәртібінен бірде-бір түскен емес, - деп жазды облыс әкімі.

Осы аптада Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен жиында су деңгейінің мәселесі қаралып, өз тарапымыздан өңірдегі су тапшылығына қатысты ұсыныстарымызды жеткіздік. Осы мақсатта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірге әзірленген өңірлік Жол картасы пысықталды.

Үкімет басшысы алда Өзбекстан Республикасында өтетін Үкіметаралық жиында Сырдария өзенінің төменгі ағысына су жіберу көлемін ұлғайту мәселесі бойынша өзара келіссөздер жүргізетін болады.

Сонымен бірге, кеше облысымызға арнайы іссапармен келген Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, «Қазсушар» республикалық коммуналдық кәсіпорнының бас директоры Алтай Елжасовпен кездестім. Алдағы уақытта арнайы штаб құрып, су тапшылығынан шығуға қажетті қадамдарды бірлесе іске асырамыз. Осы ретте шаруалар түсіністік танытып, суды үнемдеп пайдаланудың технологияларын енгізуге көшуі керек. Әр 10 күн сайын ахуал сараланып отырады. Бұл мәселе менің жіті бақылауымда, - деп жазды ол.

Өзгелердің жаңалығы