Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Шаруалар бау-бақша өнімдерін жинауда – Жамбыл облысы

30 Шілде 2025, 22:26
773
Бөлісу:
 автордан
Фото: автордан

Жамбыл облысы Жамбыл ауданының жазира даласында еңбекке епті, маңдай терін құрғатып көрмеген диқандардың бел жазбайтын шағы. BAQ.KZ тілшісі еңбекпен есейген шаруа отбасына соғып, тіршіліктерімен танысты. Солардың бірі – осы салада жылдар бойы маңдай терін сіңіріп келе жатқан Ерлан Досқожаев.

Жыл сайын жаз шықса, ауыл тіршілігі қыза түседі. Биылғы жылы да көктемгі егіс науқаны сәтімен өтіп, шаруалар жерге дән сіңіріп, маусымның алғашқы жемісін жинап та үлгерді.

Аудандағы жалпы егістік көлемі 53 мың гектардан асса, соның ішінде көкөніс пен бақша дақылдары алты жарым мың гектарға жуық алқапты алып жатыр. Жазғытұрым еккен қауын-қарбыздар бүгінгі таңда пісе бастаған. Алғашқы өнім қазірдің өзінде базарға жетіп, тұтынушы талғамынан шығып жатыр. Ауданға қарасты Өрнек ауылындағы шаруалар да егіннің әр күнін қалт жібермей, қауын-қарбыз теруге кірісіп кеткен. Солардың бірі – осы салада жылдар бойы маңдай терін сіңіріп келе жатқан Ерлан Досқожаев. Ол үшін жер – тынысы, еңбек – өмірінің мәні.

Шаруалар бау-бақша өнімдерін жинауда – Жамбыл облысы
Шаруалар бау-бақша өнімдерін жинауда – Жамбыл облысы
Шаруалар бау-бақша өнімдерін жинауда – Жамбыл облысы

Табиғат кейде мейірімді, кейде сынаққа салады. Көктемде жауын-шашын аз болды, жазда күн тым ыстық тиді. Су да жеткілікті мөлшерде болмады. Бірақ жерге шын ниетпен, маңдай термен қарай білсең, ол сені ешқашан қайтармайды. Қарбыз – менің жыл сайынғы табысым. Биылғы өнім де көңілден шықты. Қауын мен қарбыздың дәмі тәтті, иісі мұрын жарады. Қазірдің өзінде тұтынушылардан жақсы пікір естіп жатырмыз. Өзім еккен өнімнің базар сөресінде тұрып, халыққа қуаныш сыйлағанын көру – мен үшін үлкен мәртебе. Бұл – маңдай тердің жемісі, адал еңбектің нәтижесі. Біз үшін ең үлкен марапат – тұтынушының разы болуы. Бір қауын сатып алып, “бұрын-соңды мұндай дәм татпаған едім” деп алғысын айтып кететіндер бар. Сол сәттерде мен өзімді бақытты сезінем. Бұл жай ғана егін емес – өмірлік ісің, адал жолың, отбасыңа, еліңе деген үлесің, – дейді шаруа Ерлан Досқожаев.

Жаздық дақылдардың егісі аудан көлемінде толық аяқталып, бүгінде картоп, қызылша, арпа, жүгері, көкөніс пен бақша өнімдері қызу жиналуда. Биыл шаруалар әр гектардан орта есеппен 7,2 центнерден өнім алып отыр. Егін ору жұмысына аудан бойынша 34 комбайн тартылған.

Егіншілік – еңбекті де, сабырды да қажет ететін сала. Биыл өнім аздау болды, дегенмен, біз жағдайға бейімделіп, жердің бабын тауып жұмыс істедік. Технология да көп көмектесіп жатыр. Ең бастысы – ауылда жұмыс бар, табыс бар. Бұрын жерге ашқарақ көзбен қарасақ, қазір әр тамшы судың құнын білетін болдық. Су үнемдеу – болашаққа жасалған нақты қадам. Бұл – өнімнің сапасын арттырып, шығынды азайтуға көмектеседі, – дейді Ерлан Досқожаев.

Айта кету керек, ауданда соңғы жылдары шаруалар су үнемдеу технологияларын белсенді қолдана бастады. Ауданда 2025 жылға белгіленген жоспар 6 800 гектар болса, бұл көрсеткіш артығымен орындалып, биыл жаңбырлатып және тамшылатып суару әдістері 8 979 гектар жерге енгізілген.

Осы ретте аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов та өңірде қолға алынып жатқан жүйелі жұмыстардың нәтижесін атап өтті.

Бүгінде шаруаларымыз заманауи технологиямен жұмыс істеп, өнім сапасын арттыруға бағыт алып отыр. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдауларды тиімді пайдаланған диқандардың тәжірибесі өзгелерге үлгі. Біз агросалада тек көлемге емес, сапаға да жұмыс істеуіміз қажет, – дейді ол.

Аудан шаруалары тек далада ғана емес, жылыжайда да өнім өндіріп жатыр. Соның бірі – Шәкен Ниязбеков ауылындағы жас кәсіпкер Әділет Төленбаев. Үш ай бұрын ол итальяндық құлпынай көшетін отырғызып, қазіргі таңда әр түптен 200–300 грамм өнім алып отыр.

Жылыжай ашу – бала күнімнен бергі асқақ арманым еді. Ол кезде ауылда осындай шаруаны жүргізу мүмкін емес сияқты көрінетін. Бірақ жүректегі үміт пен табандылық мені бұл жолға жетеледі. Енді, міне, сол бала арман бүгінде нақты іске айналып отыр. Қазір мен отырғызған құлпынай жақсы өнім беріп жатыр. Итальяндық сорт болғандықтан, күтімі мен талабы да жоғары. Соған сай еңбектің де өтеуі бар. Бір түптен орта есеппен 200–300 граммға дейін өнім алып отырмыз. Бұл – жылыжайдың әлеуеті зор екенін көрсетеді. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейтіп, өнім көлемін екі-үш есе арттырғым келеді. Мемлекет ұсынып отырған 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиеге өтінім беріп қойдым. Сол қаражатқа жылыжайды үлкейтіп, су үнемдеу технологияларын толық енгізуді көздеп отырмын. Ең бастысы – өз ауылымда, туған топырақта жүріп, адал еңбекпен табыс тауып отырғаныма шүкіршілік етем. Отбасымның жанындамын, балаларымның өсіп-жетіліп жатқанын күнде көріп, соларға үлгі болып отырғаным өзім үшін ең үлкен жетістік, – деп шағын жылыжайынан үлкен арманның өркен алып келе жатқанын мақтанышпен жеткізді.

Ауыл тіршілігінің тамыры егінмен байланысты. Қай кезеңде болмасын, шаруаның маңдай тері – ел ырысының бастауы. Биыл да Жамбыл ауданының диқандары соны дәлелдеді. Иә, ауыл – берекенің бастауы ғана емес, еңбек пен жаңашылдықтың тоғысқан мекені. Бұрынғыдай кетпен мен қол шалғыға ғана сенетін заман артта қалды. Бүгінде шаруалар жаңа заманауи техникамен жарақтанып, алқап басындағы жұмыс қарқыны адам танымастай өзгерген. Бұл – уақыт талабы ғана емес, мемлекет қолдауының нақты нәтижесі. Жамбыл ауданында ауыл шаруашылығы саласында жүйелі жаңару байқалады. Жыл басынан бері егін егіп, жерге жан берген еңбек адамдары техника тапшылығын сезінбей, шаруасын ширатып отыр. 2025 жылдың осы кезеңіне ауыл шаруашылығы мақсатында 20 техника сатып алу жоспарланған болса, нақты нәтиже – 21 дана. Яғни жоспар 105 пайызға орындалды. Оның ішінде бір комбайн лизинг жүйесі арқылы 70 миллион теңгеге алынса, 20 трактордың он шақтысы – жеңілдетілген несиеге, ал қалғаны шаруалардың өз қаражатымен сатып алынған. Бұл техникаларға жұмсалған қаражаттың жалпы көлемі – 247 миллион теңгеден асады. Мұнымен шектелмей, қосымша 41 дана қосалқы техника – тіркемелер, жүк тасымалдаушы құралдар мен басқа да қажетті құрылғылар – шаруалар қолына тиді. Ауылдағы тіршілік үшін бұл – үлкен серпін. Тіпті биылдың өзінде өздігінен жүретін машиналы-тракторлы парк 6,5 пайызға жаңарған.

Бүгінде шаруаларымыз заманауи технологиямен жұмыс істеп, өнім сапасын арттыруға бағыт алып отыр. Мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдауларды тиімді пайдаланған диқандардың тәжірибесі өзгелерге үлгі болуы тиіс. Біз агросалада тек көлемге емес, сапаға да жұмыс істеуіміз қажет, – дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Бауыржан Тоқтасынов.

Өткен жылы да бұл бағытта ілгерілеу бар. 2024 жылы аудан шаруашылықтары 117 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алып, жалпы сомасы 1 миллиард теңгеге жуық қаражат игерілді. Оның ішінде: 1 астық комбайны, 1 қызылша комбайны, 49 трактор және 66 түрлі тіркемелі құрал-жабдық бар. Техникалар тек қана сатып алумен шектелмей, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның Жамбыл облыстық филиалы арқылы 32 шаруа иесі 1 миллиард теңгеден астам жеңілдетілген несиеге қол жеткізген. Осы қолдау аясында жүзеге асып жатқан бағдарламалардың бірі – «Кең дала». Оның көмегімен 17 шаруа қожалығы 655 миллион теңге несиеге ие болды. Сонымен қатар, «Дихан» несиелік серіктестігі арқылы облыс бойынша 18 нысан қаржыландырылған. Соның ішінде Жамбыл ауданында төрт шаруашылық – үшеуі егіншілік, біреуі мал шаруашылығы бойынша – барлығы 91 миллион теңгеден астам қаржыға қол жеткізді. Ал мал шаруашылығын өркендету де назардан тыс қалмады. 2025 жылдың II тоқсанына жоспарланған тауарлы несие беру тапсырмасы толық орындалды. Төрт азаматқа 140 бас ұсақ мал рәсімделіп берілді. Бұл – ауыл азаматтарының өз кәсібін дамытуына үлкен демеу.

Бұл – жай ғана сандар мен көрсеткіштер емес. Бұл – ауыл өміріне серпін беріп отырған тірі мысалдар. Мемлекет ұсынған мүмкіндікті ұтымды пайдаланып отырған шаруалар ел экономикасының тірегі екенін дәлелдеп отыр. Техника жаңарып, тәжірибе артып, еңбек өнімділігі жоғарыласа, бұл – ауылдың өркендеуіне жол ашады.

Өзгелердің жаңалығы