Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аударылған қаражат биыл 5,8 пайызға артқан. Бұл жөнінде ШҚ Аймақтық коммуникациялар қызметінде баспасөз мәслихатын өткізген «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының директоры хабарлады.
«Денсаулық сақтау саласы бір орында тоқтап тұрған жоқ. Ол жыл сайын заманауи құрылғылармен толығып, дамып келеді. Орташа өмір сүру ұзақтығы да 70 жастан асып кетті. Ал адам қартайған сайын оның денсаулық күтіміне кететін қаржының да ұлғая түсетіні анық. Осы ретте міндетті медициналық сақтандырудың берері көп. Жалпы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалының жұмыс істегеніне екі жыл болды. Осы уақыт аралығында біз әр тұрғынның өз емханасын, өз учаскелік дәрігерін таңдауына мүмкіндік беріп, медициналық препараттарды сатып алуда өңірлік комиссия құрдық», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ ШҚО бойынша филиалының директоры Болат Алиев.
Жауапты тұлғаның айтуынша, облыстық филиал биыл 130 медициналық ұйыммен шарт жасасқан. Олардың 62-сі жекеменшік емханалар. Бұдан бөлек, облыс бойынша базаға 156 үміткер тіркелсе, оның 79-ы жекеменшік емхана. Бұл дегеніміз пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасының жоғарлауы.
«Медициналық қызмет көрсетушілерге 20 пайыздық аванс, яғни халыққа көрсететін қызметтері үшін 13,5 миллиард теңге берілген. Бұл төлемдер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде төленген. Қосымша қаражат амбулаторлық-емханалық көмек көрсетуді дамытуға, учаскелік қызметтерге қосымша төлемдер төлеуге және жалақысы төмен медициналық персоналдың жалақысын арттыруға бағытталған. Қор тұрақты түрде көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін қадағалап отырады», - деп қосты филиал директоры.
Оның айтуынша, 2019 жылы жоспар бойынша қордың Шығыс Қазақстан облысындағы қызмет берушілеріне төленетін бюджеттік төлемі 68,1 млрд. теңгені құраған. Бұл сома 2018 жылға қарағанда 5,8 пайызға артқан.