Желіде Түркістан облысы, Шардара ауданындағы мешіттің азаншысы Жүніс Сартаев ауданның бас имамы Марат Асановты ай сайын мешіттің коммуналдық төлемдерін төлеу үшін жамағаттан ақша жинайды деп айыптаған бейнежазбасынан кейін ҚМДБ Түркістан облысы бойынша өкілдігі мәлімдеме жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бейнеүндеуде мешіт азаншысы Жүніс Сартаев бас имам Марат Асановтың өз міндеттерін жауапкершілікпен орындамайтынын, жамағат алдында сөз сөйлемейтінін және намазды жүргізбейтінін айтқан болатын.
Сонымен қатар, ол бас имамның қызметкерлерді коммуналдық төлемдерді жабу үшін жамағаттан ақша жинауға мәжбүрлегенін жеткізді. Сондай-ақ, бас имам мешіттің қасында орналасқан офисте телефонмен шұқылап отыратынын да атап өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сәйкес, аталған жағдайды әділ әрі объективті түрде қарастыру мақсатында арнайы комиссия құрылып, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, Шардара ауданының бас имамы Марат Асанов қызметінен босату туралы өтініш бергеніне байланысты, 2025 жылдың 6 қазанынан бастап қызметінен босатылды, - делінген ҚМДБ Түркістан облысының мәлімдемесінде.