Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысының Шардара ауданында еңбек ардагерлері мен зейнеткерлерге арналған «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығы ашылды.
Енді үйде немере бағып отырған ата-әжелер осында келіп бас қосады. Шүйіркелесіп, бос уақыттарын тиімді өткізеді.
Ер азаматтар жағы бой сергіту үшін тастаяқты серік етіп, шар соққса, енді бірі шахмат пен дойбы ойнап, миын тынықтырады. Дәрігерге қаралып, массаж алып жатқандары да бар. Бұдан бөлек спорттық жаттығу залы мен бассейн жұмыс істейді. Орталық іші үлкен кісілерге ыңғайлы, әрі жаңа жиһазбен жабдықталған. Ардагерлерге арналған кітапханасы да бар. Барлық қызмет түрі тегін. Мұнда күніне 50-ден 100 адамға дейін келіп, әлеуметтік қызмет алады. Ал мекемеде 27 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Көптеген зейнеткерлер осында келіп, ойын ойнайды, массаж алып жатыр. Дәрігерлерге келіп, көрініп жатыр. Осындай жағдайды бізге жасап отырған мемлекетімізге рахмет, – деді еңбек ардагері Ғизатулла Құрманбай.