Шаққалиев уақытты қайта өзгертуге қатысты мәселеге нүкте қойды

Бүгiн, 17:13
221
Бөлісу:
Шаққалиев уақытты қайта өзгертуге қатысты мәселеге нүкте қойды

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «Уақытты кері қайтару» петициясы бойынша шешімді жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жұмыс тобы ұсынған барлық деректер мен дәлелдемелерді, ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарды зерделей отырып, Қазақстан Республикасының бірқатар өңірлерін бір сағатқа кері ауыстыру табиғи күн циклдеріне сәйкес келетіні және ғылыми зерттеулер мен ұсынымдарға негізделгені расталды.

UTC + 5 уақыт белдеуі Қазақстан Республикасы аумағының көп бөлігінде табиғи циклге барынша жақын стандартты уақыт белдеуі болып табылады. Стандартты уақыт белдеуінің оң әсері туралы негізделген халықаралық ғылыми зерттеулерді және уақыттың ауысуы халықтың денсаулығына кері әсер еткенін растайтын деректердің болмауы негізінде Сауда және интеграция министрлігі петицияны қанағаттандырудан бас тарту туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар, жұмыс тобына қатысушыларының дәлелдерін назарға ала отырып, тиісті талдаулар мен қосымша зерттеулер жүргізу қажеттілігі айтылды.

Денсаулық сақтау, білім және ғылым министрліктеріне UTC + 5 уақыт белдеуінің алдағы үш жылда халықтың денсаулығына қалай әсер ететіне зерттеу жүргізу ұсынылды.

Ұлттық экономика және энергетика министрліктеріне жылу маусымы мен маусымдық өзгерістерді ескере отырып, өңірлерде электр энергиясын тұтынуға мониторинг және талдау жүргізу тапсырылды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұйымдар мен кәсіпорындарға күндізгі уақытты ескере отырып, жұмыс кестесін түзету мүмкіндігін түсіндіру ұсынылды.

Өтiнiш берушiнiң қабылданған шешiмге Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк рәсiмдiк-iс жүргiзу кодексiнiң 91-бабына сәйкес шағымдануына құқығы бар.

Еске салайық, 2024 жылғы 7 маусымда «E-Petition.kz» порталында орналастырылған петицияны ресми қарау үшін жеткілікті қол жиналды. Осыған байланысты Сауда және интеграция министрлігі құрамына петиция авторлары, мемлекеттік органдардың өкілдері, депутаттар, қоғамдық ұйымдар мен сарапшылар кірген жұмыс тобын құрды.

Өзгелердің жаңалығы