Шапан мен тақия киген роботтар наурызды тойлауға келді

22 Наурыз 2025, 11:41
737
Бөлісу:
Шапан мен тақия киген роботтар наурызды тойлауға келді
Фото: Фото: Алматы қаласының әкімдігі

Алматыда робот-гуманоидтар тұрғындар мен қала қонақтарын Наурыз мейрамымен құттықтап жүр, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.

Роботтарды Панфилов жаяу жүргіншілер көшесінде, Қабанбай батыр көшесінен бастап Төле би көшесіне дейінгі алаңнан көруге болады.

Дәстүрлі тақия мен шапан киген роботтар көшеде еркін серуендеп, балалардың ғана емес, ересектердің де қызығушылығына бөленіп жүр. Қала тұрғындары гуманоидтармен естелік суретке түсіп, билеп, қол алысып амандасып, оларды видеоға түсіріп жатыр.

Шапан мен тақия киген роботтар наурызды тойлауға келді

Бұдан бөлек, мерекелік алаңда даяшы-роботтар, робот-аспаз және бариста-робот жұмыс істеуде. Олар бауырсақ дайындап, қонақтарға кофе ұсынып, тапсырыстарды жеткізуде. Қала тұрғындары мен туристер олардың қызметін қуана пайдаланып жатыр.

Панфилов көшесінің ортасына жарықдиодты экрандармен жабдықталған кинетикалық туннель орнатылды. Бұл арт-нысан жарқын реңкті ою-өрнектер арқылы өтіп бара жатқан адамдардың қимылдарын қайталайды, бұл нысан фото мен бейнетүсірілімдер үшін ерекше фонға айналды.

Шапан мен тақия киген роботтар наурызды тойлауға келді

Мерекелік алаңда садақ атып, виртуалды форматта мергендік қабілетті сынауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, VR-гарнитура арқылы өткен ғасырларға саяхат жасауға болады. Жасанды интеллект технологиясын қолдана отырып, ұлттық нақышта өңделген фотосуретке түсіп, оны бірден телефонға жүктеуге болады.

Зияткерлік ойындарды ұнататындар “Ой-Думан” шоуына қатысып, робототехника көрмесін тамашалай алады.

Айта кетерлігі, бұл алаңда виртуалды аватар – Ғалымжан да бар. Ол Наурыз мейрамын атап өтіп жүрген алматылықтардың сұрақтарына жауап беріп, іс-шаралар бағдарламасы туралы ақпарат ұсынып, халықпен әңгімелесіп, құттықтау тілегін жаудыруда.

Осы Nauryz Almaty Vibe фестивалі арқылы Панфилов көшесі жаңа технологиялар мен дәстүрлердің әдемі үйлескен ерекше орталығына айналды. Бұл фестиваль 21-22 наурызда сағат 10:00-ден бастап 22:00-ге дейін жалғасады. Келіп, роботтармен жүздесуге асығыңыздар. Билет алудың қажеті жоқ, барлығы тегін.

Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер көшесінде сахна орнатылып, онда лайв-бэндтер мен диджейлер өнер көрсетіп, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше мерекелік атмосфера сыйлауда.

 

Өзгелердің жаңалығы