“Шаңырақ” күнінде елордадағы Музыкалық жас көрермен театрында "Бақытты шаңырақ иелері" атты іс-шара ұйымдастырылды. Жас отбасылардың өнегелі өмірі мен шығармашылығын дәріптеу мақсатындағы мерекелік жиында баланың алғашқы қадамдарымен байланысты "тұсакесер" рәсімі өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты мәлімдеді.
Наурыз – туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге үндейтін отбасылық мереке. 17 наурыздың тақырыбы отбасы институтының маңыздылығымен байланысты болғандықтан, туыстық қарым-қатынастарды нығайтуға себеп болады. Осы бағытта Музыкалық жас көрермен театрында 14 отбасы жемісті еңбек етіп жатыр. Шығармашылық әлемінде олардың өздерінің қолтаңбалары бар. Сондай жұптардың бірі – театрдың белді актері Саламат Мұқашев пен театр қызметкері Айдана Еңгебай. Бүгінде жас жұп екі ұл тәрбиелеп отыр. Кеш барысында кіші ұлдары Әли-Ахмет бүлдіршіннің тұсауы кесілді.
Театр тек мәдениет ортасы ғана емес, шын мәнінде театр шаңырақтың рөлін атқарып жатыр. Қойылым барысында біз көрерменге отбасы құндылықтарын насихаттай отырып, жанұядағы сыйластық, мейірімділік секілді ізгі сезімдердің болуын жеткіземіз. Театр әртістерінің отбасындағы қуаныш, той, тұсаукесер, шілдехана сияқты рәсімдердің барлығы сахнада көрермен алдында өткізіледі. Ұжымдағы жиырма сегіз жанның үйде де, түзде де бірге болып, артынан ерген жастарға үлгі көрсетуі әрине қуантады, - деді Музыкалық жас көрермен театрының директоры Асхат Маемиров.
Мерелік іс-шараға жиналған көрермен театрдағы әдемі сәттің куәгері болып, жас отбасылармен бірге қуанып, оларға тамсана қарады. Тәй-тәй басқан бүлдіршіннің тұсауы кесілгеннен соң, Асхат Маемиров ақ батасын беріп, ізгі тілегін жеткізді. Әли-Ахметтің қаз-қаз басқан қадамына шашу шашылып, жиын барысында тағдыр тоғыстырған жұптар өз өнерлерін ортаға салды.
Қазақтың ұйытқысы – шаңырақ. Өмір жолында сүрінбей, ешкімнің ала жібін аттамай, көктей өсіп-өніп, өмірі берекелі болсын деген ниетпен баламыздың тұсаукесер рәсімін киелі сахнада өткіздік. Отбасымыз да театрмен бірге жасасып келеді. Бізді тоғыстырған – өнер. Екеуміздің өнерге деген шынайы махаббатымыз болар, шығармашылық жолымызда да бір-бірімізге демеу боламыз, - деді театр актері Саламат Мұқашев.