Шанхайда өтіп жатқан V Қытай халықаралық импорт көрмесінде (CIIE) еліміз өз өнімдерін таныстырып жатыр. Бүгін Қазақстан павильоны салтанатты түрде ашылды. Бұл туралы Baq.kz тілшісі хабарлайды.
V Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) 5 қарашада басталып, 10 қарашаға дейін жалғасады.
Қазақстандық 24 компания өз өнімдерін халықаралық көрмеге ұсынды.
Еліміздің павильонының ашылуына Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин видеоқұттықтау жолдап, биыл Қазақстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. Министр айтқандай, бұл мерейтой екі ел серіктестігінің маңыздылығын көрсетеді.
Мұның дәлелі ретінде ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мырзаның қыркүйек айында Қазақстанға жасаған сапарын айтуға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елдеріміздің екіжақты байланысына баса назар аударады. Президенттердің кездесулері - сауда-экономикалық саладағы серіктестікті нығайтудың негізгі тетігі, - деп атап өтті Жұманғарин жолдаған видеосында.
Министр ел Үкіметі атынан ЭКСПО-ға қатысушылар мен ұйымдастырушыларға сәттілік тіледі.
Шанхай көрмесі қазіргі күні сұранысқа ие танымал платформаның біріне айналып үлгерді. Біз көрмеде қазақстандық компаниялардың қытайлық бизнес әріптестерін тауып жатқанын көріп отырмыз. Бұл жолы да Қазақстан көрмесіне келушілер отандық тауарымызды сатып алуға қызығушылық тудырады деп ойлаймыз, - деп айтты Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.
Еске сала кетейік, V Қытай халықаралық импорт көрмесі (CIIE) ресми түрде 4 қараша күні ашылған болатын.