Қарағандыда Шахтерлер күні қауіпсіз өтті. Полиция қызметкерлері ата-анасынан адасып қалған 235 баланы отбасымен қауыштырды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қарағандыда Шахтерлер күні мерекесі кең ауқымда аталып өтті. Орталық алаңға 120 мыңға жуық қала тұрғыны мен қонақтары жиналып, мерекелік концертке куә болды. Шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 1000-нан астам полиция қызметкері және Ұлттық ұланның 300 әскери қызметшісі жұмылдырылды. Мерекеде бірде-бір құқық бұзушылық тіркелген жоқ.
Дегенмен халық көп шоғырланған орында балалардың адасып қалу жағдайлары тіркелді. Барлығы 235 бала уақытша ата-анасынан ажырап қалған. Полиция қызметкерлерінің жедел әрі үйлесімді әрекетінің арқасында олардың барлығы қысқа уақыт ішінде табылып, ата-анасына аман-есен табысталды.
Осы мақсатта тәртіп сақшылары концерттің жүргізушілерімен тұрақты байланыс орнатып, табылған балалар жайлы жедел хабар таратып отырды.
Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігі үшін арнайы автобус бөлініп, онда бүлдіршіндер ата-анасы келгенге дейін бақылауда болды. Бұл оқиға полиция қызметінің басты қағидаты – азаматтардың қауіпсіздігін қорғау мен жәрдемдесуге әрқашан дайын екендігінің айқын көрінісі болды.