Шахталарға су толтырса топырақ құлап, адамдар өліп кетуі мүмкін. Депутат кеніштің проблемалары туралы айтты

19 Қаңтар 2024, 09:25
1522
Бөлісу:
Шахталарға су толтырса топырақ құлап, адамдар өліп кетуі мүмкін. Депутат кеніштің проблемалары туралы айтты
Фото: BAQ.KZ - архив

Шығыс Қазақстан облысындағы Белоусов кеніші 200 жылға жуық уақыт бойы игеріліп келеді. Қазіргі кезде 10 мың адам қатты ластанған атмосфера аймағында өмір сүріп жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ауыр металмен ластанған Глубочанка өзеніндегі заттардың орташа мөлшері 137%-ды, өлшенген заттар 103%-ды құрайды. Топырақта да ластаушы заттар жиналып қалған, бұл адамдардың денсаулығы мен өсімдіктер әлеміне теріс әсер етеді. Сенатор Ольга Булавкина өзінің депутаттық сауалында жабылып қалған осы кеніштің проблемалары туралы айтты.

Депутаттың айтуынша, «Қазақмыс» компаниясы Белоусов кенішіндегі шахталарға су толтырып, жоюды жоспарлап отырған көрінеді. Экология министрлігі шахтада әлі 12 жыл бойы өндіруге жеткілікті қор бар екенін анықтағанына қарамастан осындай шара жүзеге асқалы отыр.

2023 жылы өткен қоғамдық тыңдауларда жергілікті тұрғындар шахталарға су толтыру салдарынан топырақ құлап, құрбандар болуы мүмкін екендігіне наразылықтарын білдірді. Шынында да, бұл ауыл тау-кен үңгірінің үстінде орналасқан. Опырылудан басқа, шахталарға су толтыру барысында шахтадағы лас ауа жер бетіне лықсып шығатын болады. Бірнеше ондаған жылда тұрғын үйлердің жертөлесіне метан мен көмірқышқыл газы жиналады. Бұл халықтың денсаулығына елеулі зиян келтіреді. Ластанған жер асты суы өз кезегінде ауыл шаруашылығына орны толмас зиян келтірілетін болады, - деді Ольга Булавкина.

Сенатор осыған байланысты Үкіметке Белоусов кен орнын жою жобасына өнеркәсіп қауіпсіздігі сараптамасы мен мемлекеттік экологиялық сараптама жасауды ұсынды. Сондай-ақ ауылда әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту, мектептер мен ауруханаларды жөндеу және мәдениет объектілерін салу мәселесін көтерді.

Инвесторлар табылмаған кезде және Белоусов кенішін қайта консервациялау және оны келешекте пайдалану мүмкін болмаған жағдайда Үкіметке кен орнын консервациялаудың экологиялық қауіпсіз және экономикалық тиімді тәсілдерін әзірлеу жөнінде зерттеу жүргізуге тапсырма беруді өтінемін. Шахталардың жабылуы салдарынан зардап шеккен депрессиялық аумақтарды дамытудың Бірыңғай бағдарламасын әзірлеу керек, жойылған кен орындары шекарасындағы үйлердің тұрғындарын қоныстандыруға қаржы бөлу мәселесін пысықтау керек, - деді депутат.

Өзгелердің жаңалығы