Рудный қаласындағы шахтада жарылыс болып, машинист жарақат алды. Оқиға туралы iagorod.kz порталы мәлім етті. Журналистердің сұрауына жауап берген «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ-ның (ССГПО) Корпоративтік коммуникациялар қызметі жағдайға түсініктеме берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Кен түсірілетін шахталық арнада (дучка) ірі кен кесектерінің кептеліп қалуын жою жұмыстары кезінде жарылғыш материалдар қолданылған. Аталған жұмыстар барысында "Соколовская" шахтасының скреперлік тартқыш лебедка машинисі жарылыстың бақылаусыз орын алуы салдарынан жарақат алды. Зардап шеккен азаматқа қалалық ауруханада медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Оқиға бойынша тексеру жүргізілуде, – делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметке сәйкес, машинист 1970 жылы дүниеге келген. Оның еңбек өтілі – 25 жыл. Оқиға 5 қаңтар күні түскі сағат 12 шамасында болған.