Шахрат Нұрышев: Қытай туристерінің Қазақстанға саяхаттағаны мемлекетке де, халыққа да тиімді

2 Шілде 2024, 18:42
258
Бөлісу:
Шахрат Нұрышев: Қытай туристерінің Қазақстанға саяхаттағаны мемлекетке де, халыққа да тиімді
VIDEO
Фото: Арман Мухатов

Қазақстанның ҚХР-дағы елшісі Шахрат Нұрышев қазақ-қытай қатынасы және Қытай басшысының Қазақстанға сапары аясында қандай уағдаластықтар болуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін Қазақстан-Қытай арасындағы іскерлік кеңестің отырысы өткізіліп жатыр. Бұл іс-шараға Қытайдан 500-ден астам қонақ келді және 70-тен астам қытайлық ірі компания қатысып жатыр. Бұл - екі мемлекет кәсіпкерлері арасындағы байланысты нығайтатын сауда-экономикалық ынтымақтастық, инвестиция, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп салаларындағы жаңа жобаларды табуға көмектесетін, жаңа уағдаластықтарға қол жеткізетін алаң, - деді елші.

Нұрышевтің айтуына қарағанда, бүгін жалпы саны 40-тан астам құжатқа қол қойылды. Олардың жалпы сомасы 5,5 млрд доллардан асады. 

Бұл жаңа жобалар. Бұл жерде үлкен компаниялардың, Қазақстанның облыстары әкімдіктері мен қытайлық компаниялар арасында индустриалдық бағытты арттыру, Қазақстанда жаңа өндіріс орындарын ашу сияқты жаңа келісімдерге қол қойылды. Бұл іс-шара Қытайдың төрағасы Си Цзиньпиннің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өткізіліп отыр. Қытайдың төрағасы Қазақстанға осымен бесінші рет мемлекеттік сапармен келіп отыр, - деп атап өтті Қытайдағы Қазақстан өкілі.

Оның сөзінше, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасында байланыс тығыз, өте жақсы дамып келеді. Былтыр Қытай деректері бойынша, екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 41 млрд АҚШ долларына жетті. 

Ертең екі мемлекет басшылары арасында келіссөздер болады. Келіссөздер кезінде сауда айналымы, жалпы экономикалық қарым-қатынастарды, көлік, ауыл шаруашылығы, энергетика салаларындағы ынтымақтастықты жаңа белестерге жеткізу бойынша уағдаластықтар болады деп сенемін. Сондай-ақ сауда айналымының жаңа мақсаттары қойылады деген жоспар бар, - деп ойын айтты Шахрат Нұрышев.

Дипломат атап өткендей, Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы бүгінде қарқынды дамып келеді. Екі мемлекеттің қарым-қатынас деңгейі мәңгілік, жан-жақты стратегиялық әріптестікке негізделген.

Екі мемлекет басшыларының арасында да тығыз қарым-қатынас орнатылған. Жеке байланыстар да өте жақсы. Екеуі құрдас, замандас болғандықтан, Мемлекет басшысымыз қытай тілін білгендіктен екі мемлекет басшылары көп мәселе бойынша тікелей пікір алмасып, өңірде, дүниежүзінде болып жатқан мәселелер бойынша пікір алмасуға мүмкіншіліктері бар, - деп түсіндірді Нұрышев.

Қазақстан елшісі Қытай Қазақстанмен серіктестікте не нәрсеге көңіл бөлетінін айтты.

Қытайдың сыртқы саясаты тату көршілік пен достықты дамытуға бағытталған. Әсіресе, көршілес мемлекеттермен тату көршілікті дамытуға көп көңіл бөледі. Байқасаңыздар, соңғы кездері Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығы жақсы дамып келеді. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет. Біздің әлеуетіміз мол, жалпы ішкі өніміміз де басқа мемлекеттермен салыстырғанда бірнеше есе үлкен. Сол себепті біз Орталық Азиядағы ең негізгі мемлекеттердің бірі болғандықтан Қытай Қазақстанмен сыртқы саяси байланыстарды нығайтуға үлкен көңіл бөледі. Өйткені Қазақстанның халықаралық сахнадағы беделі жоғары. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша Қытай мен Қазақстан арасындағы пікір алмасулар болады. Қазіргі кезде өңірдегі тұрақтылық, бейбітшілік мәселелері бойынша бізбен пікір алмасуға ынталы. Енді біздің әлеуетіміз мықты болғандықтан Қытай өзінің экономикалық әлеуетін, қаржылық мүмкіндіктерін пайдалана алады, - деп атап өтті елші.

Нұрышев Қытай Қазақстанға инвестиция салу арқылы сауда-экономикалық қатынасты одан әрі дамытуға мүдделі екенін жеткізді.

Сонымен қатар дипломат Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы қалай өтіп жатқанына тоқталды.

Биыл Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы өтіп жатыр. Қазіргі күнге дейін жалпы саны 10-нан аса іс-шара өткізілді. Бұл ресми ашылуы мен Қазақстан облыстарының таныстырылымы, сондай-ақ ансамбльдердің концерттері ұйымдастырылды. Мұның барлығы Қазақстанды Қытай азаматтарына таныстыруға бағытталған. Былтыр Қазақстанға 200 мыңнан астам қытай турисі келген болса, биыл сол санды екі есеге көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Қытай туристері - дүние жүзінде ең көп саяхаттайтын туристердің бірі. Сондай-ақ шетелге барған кезде ең көп қаражат жұмсайтын туристердің бірі. Қытайдың туристері біздің елімізге келіп, өз қаражаттарын бізде қалдырып, қонақ үйлерді, туристік агенттіктердің қызметін, дәмханалардың қызметін пайдаланып, сувенирлер, өнімдер сатып алу арқылы пайда түскені мемлекетке де, халыққа да тиімді. Бұл түрлі әлеуметтік жобалардың іске асырылуына септігін тигізеді, - деп айтты Қазақстанның Қытайдағы елшісі.

Өзгелердің жаңалығы