"Даму" қорының базасында екі кепілдік қоры құрылды: бірі – шағын және орта бизнеске, екіншісі – ірі инвестициялық жобаларға арналған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Айтуынша, шағын және орта бизнеске арналған бірінші кепілдік қорына екінші деңгейлі банктерден 11 млрд теңгеден астам қаражат тартылған.
Шағын және орта бизнеске арналған кепілдік қоры қаржыландыру көлемі 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды. Бұл қор жеткілікті кепілі жоқ кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған және мемлекеттік қаражатқа тәуелділікті азайтуды көздейді. Бірінші кепілдік қорына екінші деңгейлі 11 банк, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар және Өнеркәсіпті дамыту қоры тарапынан 11 млрд теңгеден астам қаражат тартылды, – деді Серік Жұманғарин.
Министрдің сөзінше, осы қор аясында жалпы сомасы 424 млрд теңгені құрайтын 2400-ден астам жоба қолдау тапқан.
Екінші кепілдік қоры ірі инвестициялық жобаларға бағытталған. Үкімет бұл тетік банктердің өтімділігін тарту арқылы қаржыландыруға қолжетімділікті едәуір арттыруға мүмкіндік береді деп есептейді. Аталған қор 7 млрд теңгеден жоғары сомадағы жобаларды қамтиды.
Екінші кепілдік қоры бойынша әзірге екі жоба қолдау тауып, олардың жалпы сомасы шамамен 24 млрд теңгені құрады.