Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағартушылық жобасының аясында ашылған «Шабыт» халық шығармашылығы орталығы қазақ халқының ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жеткен киіз басу мәдениетінің ұмытылмай, қайта жандануына септігін тигізуде.
Орталықтың жетекшісі, суретші Евгения Шульц қазақ халқының киіз басу дәстүрін дәріптеп, өзінің шығармаларында киізді кеңінен қолданып жүр. Ол қазақ мәдениетін дамытуға қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығына орай медальмен марапатталды.
Достық үйіндегі «Шабыт» халық шығармашылығының орталығы 2018 жылдан бастап жұмыс істеп келеді. Мұнда көрме залы және шығармашылық шеберхана бар. Көбінесе киізбен жұмыс жасаймыз. Өздеріңіз білетіндей, қазақ халқының киізге деген құрметі ерекше. Киіз тек текемет, көрпеше емес, бұл ең алдымен киім, аяқ киім, бас киім. Қазақ мәдениетінің осы бір ерекше өнерін дамыту мақсатында орталыққа келушілермен бірлесе киізден түрлі бұйымдар, картиналар жасаймыз, - дейді Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Евгения Шульц.
Шеберханаға келіп, киіз басатындардың қатарында ҚХА-ның этно-мәдени бірлестік өкілдері, «Белсенді өмір сүру» орталығының зейнеткер қариялары бар. Сонымен қатар, мұнда елдегі карантин шараларына дейін балаларға шеберлік сабақтары өткізілген.
Халық дәстүрін жаңғырту оңай емес екендігі белгілі. Көптеген адамдар мұның тіпті не үшін қажет екендігін түсінбейді де. Бірде мынадай оқиға болды. Балаларға шеберлік cабағы барысында балаларға киіздің не екендігін айтқан едім, бұлдіршіндердің көздерінен ерекше отты көрдім. Содан кейін балаларға «кәне, кімнің жеңі түріледі, соған киізбен жұмыс істеуді көрсетейін» деп едім, отызға тарта баланың бәрі жеңдерін тұріп, киізбен жұмыс істеуге дайындалды. Осылайша бүлдіршіндердің осы бір ерекше өнерге деген қызығушылығын көрдім, - дейді суретші.Киіз басудың шеберіне айналған Евгения Шульцтің айтуынша жүнмен жұмыс жасау кез келген адамның қолынан келе бермейді, ол үшін қолдың күші көп болуы қажет.
Біздің қаламызда қазіргі уақытта киізден киім, сөмке сияқты дүниелерді жасайтын шеберлер бар. Бірақ олар үлкен көлемде жасамайды, себебі киізбен жұмыс жасау өте көп уақытты, қажымас қайратты қажет етеді. Біздің ата-бабаларымыз киізбен қалай жұмыс істеген. Олар өзеннің жағасында, не бұлақтың басында жүнді сабаған, кестелеген. Бұл жұмыстардың барлығы таза ауада, ағын судың жанында жасалған. Ал біз, өкінішке орай, ғимараттың ішінде жұмыс жасаймыз, киізді таяқпен сабамаймыз. Сондықтан қолымыз мықты болуы керек, - дейді Е.Шульц.
Суретші киізден картиналары бес жыл бұрын жасай бастаған. Оның ең алғашқы «Ұлы даланың әнұраны» атты туындысы патенттеліп, ҚР Әділет министрлігінің авторлық сертификатын иеленген. Осыдан кейін Е.Шульц өзінің киізден жасалған ерекше композицияларымен әлемді шарлап, қазақ халқының өнерін әлемге паш еткен.
Екі картинамды Австрия елінде өткен көрмеге апардым. Ол елдің халқы бұл картиналардың киізден жасалғанын білгенде қатты таңданды. Одан кейін Америка құрама штаттарына болдым. Американың өнер сүйер қауымы тарапынан Тампа қаласындағы заманауи көркемөнер музейінде менің жұмыстарымнан тұратын көрме ашу жайлы ұсыныс та жасалған болатын. Өкінішке орай, қаржы тапшылығына байланысты бұл көрме жұмысы жүзеге аспады. Жалпы қой өсіретін елдердің барлығында дерлік киізден бұйым жасау дәстүрі қалыптасқан. Бірақ, киізден картина жасау өнері көпшілікті ерекше таңқалдыратыны рас. Суретші ретіндегі басты бағытым – жаңа дүниелер жасау, яғни экспериментті шығармашылықпен айналысу. Бұл салада жай ғана жұмыс істеудің еш маңыздылығы жоқ деп ойлаймын. Біздің елімізде де адамдар бұл өнерге үлкен құмарлықпен қарайды. Шеберхана жұмыс істегелі бері мұнда келген бірде-бір адамның қызығушылық танытпағанын көрген жоқпын. Сондықтан да, киіз басу өнерін жаңғыртып, барынша дәріптеу қажет деп санаймын. Себебі, киізден жасалған дүниелер шетелде қатты бағаланады. Біз еліміздің әлемдік аренада танымал болғандығын қалаймыз. Әрине, біз ерекше елміз. Себебі бір шаңырақ астында 140 ұлт тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Бұл біздің елдің басты ерекшелігі деп білемін. Ал, өнер саласында киізден түйін түйетін шеберлерді көтеру қажет деп санаймын. Бізде киіз басумен айналысатын шеберлер бар, бірақ олардың көпшілігі дәстүрді қайта жаңғыртушылар, ал экспериментті шығармашылықпен айналысатындар сирек, - дейді орталықтың жетекшісі.