Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданының Қабанбай ауылындағы «Қазпошта» бөлімшесінен 14 миллион теңгеге жуық ақша ұрланды. Бұл жөнінде шұғыл баспасөз мәслихатын өткізген облыстық Криминалды полиция басқармасының басшысы Нұркен Көпжасаров хабарлады.
Оқиға 13 ақпан күні орын алған. Қолды болған қаржы жергілікті тұрғындардың түрлі әлеуметтік жәрдемақысы мен зейнетақысы болған. Ақша пошта бөлімшесіндегі банкоматта сақталған. Ал ұрлықты сол банкоматқа техникалық қызмет көрсетіп жүрген 22 жастағы жергілікті тұрғын жасаған. Күдіктінің бұрын сол бөлімшеде қызмет істегені анықталды. Ол банкомат кассеталарын ауыстыру кезінде кодталған құлыпты әдейі ашуға ыңғайлы күйде қалдырып кеткен. Ішкі істер департаменті қызметкерлерінің айтуынша, күдікті банкоматты тонап алған соң ізін жасыру үшін нысанды өрттеп жіберген.«13ақпан күні сағат 7.00-де Үржар аудандық полиция бөлімінің 102 арнасына Қабанбай аулындағы «Қазпошта» АҚ бөлімшесінің өртеніп жатқандығы туралы ақпарат келіп түскен. Оқиға орнына жедел-тергеу тобы жіберілді. Оқиға болған жерді нақтылап қарау барысында пошта үй-жайының іші, оның ішінде есігі мен терезелері толығымен өртеніп кеткендігі анықталды. Бұған қоса, ауыл тұрғындарының пошта сәлемдемелері мен кеңсе техникалары да өртенген. Ақша банкоматта ғана сақталған, оның да сырты өрттен зақымданған болып шықты. Алайда банкоматты тексеру барысында ақша жоқ болып шыққан. Анықталғандай, өрт болардан бір күн бұрын банкоматқа ақша салынып толықтырылған және шотта 13 миллионнан артық теңге болған, - деді Криминалды полиция басқармасының басшысы Нұркен Көпжасаров.
Жауапты тұлғаның айтуынша, поштада тек күзет дабылы ғана болған. Күдікті ішке кіріп, дабыл жүйесін қолмен өшіргенін мойындаған. Бұл туралы пошта қызметкерлерінің ұялы телефонына хабарлама түскенімен6 оған ешкім мән бермеген.
«Оқиға орнында көп мөлшерде күйенің болуынан күдіктінің ізі мүлдем қалмаған. Аталған қылмысты ашу мақсатында аудандық полиция бөлімінің басшылығымен 5 жедел-тергеу тобы құрылып, әр топқа осы қылмысты ашу бойынша нақты міндеттер қойылды. Аз уақыт ішінде полиция қызметкерлері ауқымды жұмыс атқарды, оның ішінде пәтер ұрлықтары және меншікке қатысты жасалған басқа да қылмыстары үшін бұрын сотты болған адамдар мен куәгер болуы мүмкін деген ауылдың барлық тұрғындары тексерілді. Тергеудің негізгі болжамдарының бірі ретінде банкоматқа қызмет көрсетуге рұқсаты бар жұмысшылардың өздерінің де қатыстылығы назарға алынды. Күдікті қылмысын жасыру үшін поштадағы газет, журналдарды өртеген», - деп қосты басқарма басшысы.
Қазіргі уақытта қылмыс ашылды. Қолды болған қаржының 90 пайызы қайтарылды. Тонау қылмысын жасап, өрт қойды деген күдікті уақытша қамаққа алынып,сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды.