Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО құтқарушылары қар басқан ауылдағы жүкті әйелді перзентханаға жеткізді, деп хабарлайды Семей қалалық төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметі.
Ай-күні жетіп отырған әйел Шығыс Қазақстан облысы Бородулиха ауданы Вознесеновка ауылынан. ТЖБ қызметкерлерінің айтуынша, жүкті әйел өздігінен перзентханаға жете алмас еді. Себебі ауыл қар құрсауында қап қойған.
Құтқарушылардың өзі аяғы ауыр әйелге жол талғамайтын көлікпен көмекке жеткен.
Қалың қардың салдарынан ауылға апаратын төте жолмен жете алмадық. Қайтадан артқа шегініп, басқа бағытпен баруға тура келді. 3 сағаттың ішінде діттеген жерге де жеттік. Осылайша жүкті әйелді дер кезінде аудандық орталық перзентханаға апардық, - дейді жедел-құтқару жасағының басшысы Қайрат Сәкенов.