Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ШҚО полицейлері 22 миллион теңгеден астам соманы ұрлап кеткен пәтер ұрыларын ұстады.
Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарында облыс орталығының 40 жастағы тұрғыны ақша ұрлау фактісі бойынша Өскемен қаласының 102 жедел каналына хабарласып, шағымданған.Тергеу барысында 1 қаңтарға қараған түні белгісіз біреулер жәбірленушінің Нұрмағанбетов көшесіндегі пәтеріне заңсыз кіріп, жатын бөлмесінің пластик терезесін бұзып, жатын бөлмедегі металл сейфінен 59,000 АҚШ доллары мөлшеріндегі қолма-қол ақшаны жымқырғаны анықталды. Нәтижесінде пәтер ұрылары 22,5 млн теңгеден астам материалдық шығын келтірген.
Жедел-іздестіру шаралары барысында осы қылмысқа қатысы бар 30-32 жастағы ШҚО-ның 3 тұрғыны ұсталды. Қазіргі уақытта олар қамауда отыр. Шабуыл жасағандардың бірі Өскемен қаласындағы уақытша ұстау изоляторына, қалған екеуі Алматыдағы уақытша ұстау изоляторына қамалды, - дейді ШҚО полиция департаментінің басшысы Сағат Мәдиев.
Ұрлыққа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу шаралары жалғасуда.