Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл Бородулиха ауданындағы 5 мектептің есік, терезелері ауыстырылып, шатырлары жаңартылады.
"Жұмыспен қамтудың жол картасы" бағдарламасы аясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін білім ордалары туралы аудандық білім бөлімі хабарлады. Мемлекеттік органның берген мәліметтеріне сүйенсек, биылғы жылы ауданның білім саласына қатысты жалпы сомасы 214746 мың теңгені құрайтын 7 жоба қолға алынған екен.
3200 шаршы метр ауданды қамтитын мектеп шатыры жөнделді. Аяқталу уақыты 20 шілдеге жоспарланған. Қазіргі уақытта шатыр астындағы өрт қауіпсіздігі шаралары жасалып жатыр. Бұдан бөлек білім ордасы ғмаратының 104 терезесі пластикке ауыстырылды. Жалпы, мектептің терезелері оның қабырғасы қаланғалы, яғни 1973 жылдан бері ауыстырылмаған. Ескіргені соншалық – жарты ғасырға таяған терезелер еді. Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасы аясында бөлінген қаражат қомақты болып, соның арқасында осындай жаңартуларға қол жеткіздік, - деді Жаңа Шүлбі ауылындағы В.Комаров атындағы орта мектептің директоры Александр Бузин.Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан семейлік мердігер "ПРОФИРост" мекемесі құрылысты 80 пайызға аяқтаған. Демек, сәтін салса, білім ордасының ғимаратындағы жоспарланған жұмыстар мерзімінен бұрын ақталуы ықтимал. Сондай-ақ мұндай жұмыстар Михайличенково ауылындағы орта мектепте де қолға алынған. Жалпы сомасы 21,8 млн теңгені құрайтын жоба аясында мектеп жанындағыбастауыш мектеп ғимаратының шатыр жабыны жаңартылып, терезелердің біраз бөлігі пластикке ауыстырылуда.
Жеке салынған ғимараттың екінші қабатында бастауыш сынып оқушылары білім алса, бірінші қабатында кітапхана, асхана және акт залы орналасқан. Шатырға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабыны жаңартылды. Сонымен қатар мектептің негізгі ғимаратының қасбетіндегі 19 ағаш терезе пластикке уыстырылып, өрт қауіпсіздігі бағытында қолданылатын бірнеше қосалқы шығу есіктері жаңартылды. Жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігер мекеме барлық жұмыстарды уақытылы орындауда. Жоспарлағанымыздай мектеп ғимараты келесі оқу жылын сақадай-сай қалыпта қарсы алады деп отырмыз, - деді Михайличенково орта мектебінің директоры Светлана Горлач.
Бородулиха ауылындағы Н.Островский атындағы орта мектептегі ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталуғажақын. Жалпы сомасы 27 млн теңгені құрайтын жоба аясына мектеп ғимаратының 2, 3-ші қабаттары толықтай жөнделіп, кабинеттердің есіктері, еден жабыны ауыстырылып, қабырғалар қайта сыланады.
Мектептің спорт залы еден жабынынан бастап, қабырғасы, жылу батареялары мен жарықтандыру лампаларына дейін толық жөнделіп, жаңартылады. Жалпы біздің мектепке қатысты жөндеу жұмыстары үш кезеңге бөлінген. Біріншісінде, білім ордасы ғимаратының электр желілері толық жаңартылады, екіншісінде бірінші қабат жөндеуден өтсе, үшінші кезеңде екінші және үшінші қабаттарға жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - деді мектеп директоры Гүлнара Уразаева.
Бүгінде 557 бала білім алатын мектептегі жөндеу жұмыстары тамыз айының 5 жұлдызына қарай толық аяқталып, білім ордасы алдағы оқу жылына дайын қалыпқа келтірілмек.
Қоса кетсек, "Жұмыспен қамтудың жол картасы" аясында қолға алынған жөндеу жұмыстары нәтижесінде аудан бойынша 55 жұмыс орны қамтамасыз етілді. Оның ішінде 30 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы еңбекке жұмылдырылды. Биылғы жаз маусымында аталған үш мектептен бөлек, Жезкент кентіндегі орта мектеп пен Т.Аманов атындағы орта мектеп ғимараттарында да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылу жүйелері, шатырлары жаңартылып, терезелері пластикке ауыстырылады. Ал Бородулиха ауданындағы жеті жобаға қатысты жұмыстарды өз мойнына алған семейлік мердігер "ПРОФИРост" құрылыс компаниясы барлық нысандардағы жөндеу жұмыстарын еш кідіріссіз, белгіленген мерзімде толық аяқтамақ ниетте.