Қазақстанның соңғы жаңалықтары

ШҚО-да жүзге тарта ауыл шаруашылығы кооперативтері әрекетсіздік танытуда

18 Қаңтар 2019, 17:59
4118
Бөлісу:

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысында 432 ауылшаруашылығы кооперативі тіркелген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының қолдауымен ашылған 407 кооперативке 11,2 мың адам біріккен. Құрылған кооперативтердің 54-і сүт, 236-сы ет өндірумен айналысса, 142 кооператив басқа бағыттарда жұмыс істеп жатыр.

Дегенмен, Кәсіпкерлер палатасының өткен жылы жүргізген зерделеу жұмыстары көңіл көншітпеді. Атап айтсақ, мониторинг барысында 42 кооператив мүлдем жабылса, 54-інің жұмыстарын уақытша тоқтатқаны белгілі болды.

«Мұның басты себебі – ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің болмауы, ірі қараны бордақылау ережелеріне енгізілген өзгерістерге байланысты субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдаудың жоқтығы. Тағы бір себеп, ол өтімді кепілзаттың қамтамасыз етілмеуі», - дейді ШҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры орынбасарының міндетін атқарушы Қайрат Мамырбаев.

Қазіргі уақытта ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының, мал басы 1500-ден асатын бордақылау алаңдарының маңында зәкірлі кооперациялар құру жұмыстары жүргізілуде. Ол жерлерде шағын ауылшаруашылығы өнімдерін өндірушілер ірі ауылшаруашылығы кәсіпорындарымен біріктіріледі. Нәтижесінде сүт өндіретін – 4, ет өндіретін – 7, омарта бағытында – 1 коопертаив құрылып, жиынтығы 12 зәкірлі кооперативті құрады.

Азамат Темірбеков
Өзгелердің жаңалығы