ШҚО-дағы өзен-көлдер тұрмыстық қалдықтардан тазартылды

14 Маусым 2020, 11:50
3302
Бөлісу:
ШҚО-дағы өзен-көлдер тұрмыстық қалдықтардан тазартылды

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстанның көк айдындарында жиналған 60 тоннадан астам тұрмыстық қалдық тазаланды.

Міне, Шығыс Қазақстанның балық шаруашылығына жарамды су айдындарында өткізілген «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясының қорытындысы осындай. Өзен-көлдің байлығын пайдаға жаратқан балақшылардың барлығына кінә артпасақ та, бірқатары бұл іске немқұрайлы қарайтыны шындық. Мұның бірден-бір дәлелі - бүгінде көк айдындар түбінде шөгіп жатқан балық аулау құралдары. 

Осы ретте облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы табиғат қорғау акциясына бір адамдай атсалысып, жануарлар дүниесін пайдаланушыларды игі іске тарту мақсатында «Таза су айдындары» акциясын өткізудің кестесін жасады. Бекітілген құжатқа сәйкес, табиғат пайдаланушыларға өздеріне бекітілген жер телімдерінде тазалық жұмыстарын жүргізу ұсынылды.

Кестеге сәйкес жануарлар дүниесін пайдаланушыларға бекітілген телімдерде балық шаруашылығын жүргізуге арналған су айдындарының жағалау аумақтары тазартылды. Акция балық шаруашылығына арналған су айдындарының бекітілген және резервтік 44 телімінде өткізілді. Шараға 423 адам, 98 техника қатыстырылып, 64,2 тонна қоқыс, тұрмыстық қалдықтар арнайы орынға шығарылды. Сонымен қатар балық шаруашылығына арналған су айдындарын қалдырып кеткен балық аулау құралдарынан тазарту мақсатында сүзу жұмыстары жүргізіліп, 747 дана балық аулау құралы табылып, көзі жойылды, - дейді Шығыс Қазақстан облыстық Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының балық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Фархат Байбазаров.
Бұдан бөлек, табиғат қорғау акциясы барысында аумақтық инспекция мамандары жергілікті атқарушы органмен, елді мекендер тұрғындарымен, жануарлар дүниесін пайдаланушылармен түрлі іс-шаралар өткізіп, білім ордаларында жас буынға арнап дәрістер оқыды.
Өзгелердің жаңалығы