ШҚО-да "Шуақты шаңырақ" сайысы өтті

31 Шілде 2020, 14:29
1594
Бөлісу:
ШҚО-да "Шуақты шаңырақ" сайысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Сайысты облыстық Ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырды.

Биылғы сайыстың ерекшелігі сол - онлайн форматта өтуінде. Оған елімізде жарияланған карантин себеп болып отыр.
Байқауға өңірдегі барлық қала, аудан мен ауылдардағы жас отбасылар қатысты.

Байқау дәстүрлі отбасылық құндылықтар мен саламатты өмір салтын насихаттау, сондай-ақ, жас отбасылардың бастамаларына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылды."Отбасының өнегесі - Отан өнегесі" деген қазақ. Бұл байқаудың жастарға берер тәлімі мол.

Байқау бірнеше кезеңнен тұрды. Сайыс барысында әр отбасы өздерін таныстырып, өнерлерін ортаға салды. Абай Құнанбайұлының шығармашылығынан сыр шертетін өлеңдерді жатқа оқыды.

Сайыс жеңімпаздары қазылар алқасы мен әлеуметтік желідегі оқырмандардың лайктары арқылы таңдалды.

Байқаудың қортындысы бойынша бірінші орынды Семей қаласының тұрғындары - Бауыржановтар отбасы жеңіп алды. Екінші орынды Аягөз ауданындағы Сағатбековтер отбасы иеленді. Үшінші орын Абай ауданында тұратын Үркімбаевтар отбасына бұйырды.

Сондай-ақ Абай Құнанбайұлының шығармаларын үш тілде оқыған Сағатбековтер отбасына "Көрермендер көзайымы" номинациясы берілді.

Айта кетейік, алдағы уақытта мұндай сайыстар талай мәрте ұйымдастырылатын болады.

Өзгелердің жаңалығы