Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Шығысқазақстандықтардың ауызсумен қамтылу деңгейі 89,3 % жетті. Бұл туралы облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті хабарлады.
Құзырлы департамент өкілінің хабарлауынша, кепілдендірілген сапалы ауызсумен қамтылған облыс халқының үлесі соңғы 5 жылда 3,3%-ға өсіп, 2019 жылы 89,3%-ды құраған. Сондай-ақ биылғы жылдың басында облыстағы 289 шаруашылық түрлі ауызсу көздерін пайдаланып отырса, оның 15-і жер үсті су көздері.
Халықты қауіпсіз ауыз сумен қамту облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Орталықтандырылған ауыз сумен қамтудың жер асты және жер үсті көздерінің жағдайы, сондай-ақ тоғандардағы судың сапасы соңғы 5 жылда айтарлықтай өзгермеген. 2019 жылдың қорытындысы бойынша орталықтандырылған сумен қамту көздерінің 4,2 % санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға сай келмейді, оның ішінде 66 % санитарлық-қорғаныш аймақтары жоқ, – дейді жұмыс орындарындағы және коммуналдық мақсаттағы объектілердегі инфекциялық емес ауруларды бақылау және қадағалау бөлімінің басшысы Евгений Пивоваров.Оның айтуынша, өткен жылы өңірдегі орталықтандырылған сумен қамту көздерінің гигиеналық нормативтерге сай келмейтін фактілері анықталмаған. Ал су тарату желісінде гигиеналық нормативтерге сай келмейтін ауызсу сынамалары үлесінің микробиологиялық көрсеткіштері 1,5 %, ал санитариялық-химиялық көрсеткіштер – 0,9 % құраған.
Ауызсудың микробтық ластануына су құбырларының тозуы және желілерде жиі апаттық жағдайлардың орын алуы, жүргізілген жөндеу жұмыстарынан кейін дезинфекциялау мен сапасыз жуу сияқты факторлар әсер еткен. Санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша гигиеналық нормативтердің артуы жалпы кермектілік, қышқылдану, құрғақ қалдықтан анықталған. Дегенмен, тұрғындардың қауіпсіз ауызсумен қамтылу жағдайы қанағаттанарлықтай деп бағалануда, – деп қосты жауапты тұлға.Қоса кетсек, 2019 жылы департамент тарапынан халықты сумен қамту саласында жұмыс істейтін 69 субъект тексерілген. Тексеру нәтижелері бойынша 77 айыппұл салынып, 4,6 млн теңгеден астам сома өндірілген.