Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Шығыс Қазақстан облысында коронавируска шалдыққан науқастарға арналған орындарды қажетті құралмен жабдықтау жұмысы қарқынды жүргізілуде. Бүгінде 196 өкпені жасанды желдету аппаратына қосымша 50 және 57 сандық рентген-аппаратына қосымша 10 аппарат сатып алынды.
Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен online-брифингте ШҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ілияс Мұхамеджанов айтты.
Осыған дейін 175 оттегі концентраторға қосымша бүгін 30 келіп түссе, 17 шілдеген дейін 160, 1 тамызға дейін тағы 133 аппарат алынады. Сондай-ақ, 200 монитор, 200 инфузомат, 3 ЭКМО құрылғысы, 178 пульсоксиметр, 12 өкпені жасанды желдету аппараты (оның ішінде 2 данасы балаларға арналған), және 1 компьютерлік томограф сатып алынды, - деді басқарма басшысы.
Қазірдің өзінде облыста 15 компьютерлік томография әр аудан-қала бойынша тіркеліп, тәулік бойы жұмыс жасап тұр.
Сонымен қатар, жедел жәрдем көлігі жетіспеушілігінің алдын алу мақсатында қосымша 216 көлік сатып алу жоспарланған. Алғашқы 100 көлік қыркүйек айында қолданысқа берілмек.