ШҚО-да кәсіп ашқан көпбалалы аналарға қаржылай қолдау көрсетіледі

25 Шілде 2019, 21:42
1927
Бөлісу:
ШҚО-да кәсіп ашқан көпбалалы аналарға қаржылай қолдау көрсетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өңірде көпбалалы аналарды бизнеске тарту жалғасуда. Бұл бағытта белсенділік танытқан облыстық Кәсіпкерлер палатасы қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып мемлекеттік қолдау құралдарын ұтымды қолдануда. Бұл туралы altaynews.kz сайтында хабарланды.

Мұның бір көрінісі – шілде айында облыс орталығында өткен көпбалалы аналардың кездесуі. Өскемен қалалық әкімдігінде өткен кездесуге жиналған 30 көпбалалы ана стартап жобаларды іске асыру жайымен танысты. Көшбасшылық пен бизнесті дамыту бойынша маман, «NIET.WOMAN» әйелдер бастамасы бірлестігі» ҚБ басқармасының ШҚО бойынша мүшесі, көпбалалы ана Эльвира Аллахвердиева өзін-өзі таныту стимулдары жайында айтып, әйел азаматшаларды қоғамдық бірлестік аясында жұдырықша жұмылуға шақырды.

«Даму» қоры өңірлік филиалының менеджері Қайнар Ластаев әйелдерге, оның ішінде көпбалалы аналарға арналған қаржылай қолдау шаралары жайында айтып, оларды алу механизмдерімен таныстырды.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Марина Мунның айтуынша, көпбалалы аналар қос мемлекеттік бағдарлама арқылы тегін білім ала алатын көрінеді. Оның біріншісі, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасының «Бизнес-кеңесші» жобасы болса, екіншісі Нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының «Бастау-Бизнес» және «Жас кәсіпкер» жобалары. Аталмыш жобалар бойынша курстарды тәмамдап, қолдарына сертификат алған әйелдер екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген тәртіпте несие ала алады, сондай-ақ «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында 3 млн., «Еңбек» бағдарламасы арқылы 200 АЕК мөлшерінде гранттық қаржыландыруға үміт артуларына болады.

«Қатысушыларымыз қызығушылық танытты. Үйде отырып бизнеспен айналысу жайын сұрады. Мемлекет тарапынан қандай көмек болатынын білуді қалады. Бойында күші бар, бірақ кәсіпті бастау жолын білмейтіндеріміз қаншама. Бұл жерде Өскемен қалалық Жұмыспен қамту орталығының мамандары тынбай жұмыс атқаруда», - деді Марина Мун.

Өзгелердің жаңалығы