Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. 2018 жылы Шығыс Қазақстан облысында жекелеген тауар түрлеріне триллион теңгеге өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, тау-кен өндірісі 108,3, ал қайта өңдеу өнеркәсібі 111,5 пайызға өсті. Кенсіз материалдарды өндіру 137 пайызға, ал автомобиль құрастыру 160 пайызға дейінгі өсімді көрсетті. Дегенмен өнеркәсіп өнімдерін өндіруде өңірдің 13 аймағы көш соңына ілесе алмады. Бұл жөнінде 23 қаңтар күні өткен облыстық әкімдіктің отырысында айтылды.
«Өнеркәсіп өнімдерінің өсіміне облыстың алты аудан, қаласы өз үлестерін айтарлықтай қосты. Оларды ішінде жекелеп айтсақ, Аягөз ауданы – 151 пайызға, Өскемен қаласы – 114,5 пайызға, ал Жарма ауданы – 2,8 есеге дейінгі елеулі өсім көрсетті», - деді ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сәуле Ұлақова.
Жауапты тұлғаның айтуынша облыстың 13 ауданы өнеркәсіп өнімдерін өндірудің 2017 жылғы деңгейіне жете алмаған. Бұған қатысты қатаң сын айтқан облыс басшысы Даниал Ахметов жағдайды зерделеп, көрсеткіші төмен аудан, қала қала әкімдіктерімен жекелеп жұмыс істеу қажеттігін ескертті.
«Абай сияқты аудан болса түсінер ем, бірақ Бородулиха, Зайсан және Курчатов қалаларының осындай төмен көрсеткіш көрсетуі қызық. Мен көрсеткіш соңына түскен адам емеспін, бірақ әкімдер белгілі бір деңгейде бұл іске жауапты екенін ескертемін. Көрсеткіштің осынша төмендеуі сіздердің тараптарыңыздан жұмысқа деген немқұрайлылық деп түсінемін», - деп қосты өңір басшысы.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: inform.kz