Шәмшидинова жазғы демалыста балалар қауіпсіздігін арттыруды тапсырды

3 Мамыр 2019, 16:02
2179
Бөлісу:
Шәмшидинова жазғы демалыста балалар қауіпсіздігін арттыруды тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың төрағалығымен бейнеконференцбайланыс режимінде ҚР Үкіметі жанындағы кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ХХІV отырысы өтті.

ҚР БҒМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, отырыста білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін арттыру, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, балалар үйлерін қысқарту, психологиялық медициналық-педагогикалық комиссиялардың қызметі төңірегіндегі мәселелер қаралды. Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Республикасының Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова, ВАК мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың басшылары қатысты. Сөз кезегінде, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова Денсаулық сақтау министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктері өзара бірлесе отырып, «Отбасыны жетектеу институтын» құру қажет деген ұсынысын білдірді.

Отырысты қорытындылаған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова жазғы демалыс уақытында балалардың қауіпсіздігін қажетті деңгейде қамтамасыз етуді, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін, жазғы демалыспен балалардың қамтылуын ұлғайту, елдегі балалар үйлерін қысқарту, психологиялық медициналық-педагогикалық комиссиялардың қызметін күшейту бойынша қосымша шараларды қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Ақпарат үшін. Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы консультациялық-кеңесші орган болып табылады. Аталған комиссия кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың, қадағалаусыз және панасыз қалудың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау және балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу мақсатында 2007 жылы құрылған.
Өзгелердің жаңалығы