Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы Байзақ ауданында тұрғындарды баспана үй салу үшін жер телімдерімен қамту өзекті мәселе болып тұр. Онда жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу мақсатында жер телімін алуға 6000 азамат кезекке тіркелген.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында журналистермен жүздескен Байзақ ауданының әкімі Рахматілдә Рахманбердиев осы мәселені айтты.
«Бұл проблеманы шешу үшін биыл 14 елді мекеннің әкімшілік-аумақтық құрылымдарының шекарасын белгілеу және бекіту жұмыстары жоспарланып, қазынадан 6,7 миллион теңге қаралды. Бас жоспарға сай, Сарыкемер ауылындағы 50 жер пайдаланушының 75,5 гектар жері мемлекет меншігіне қайтару қолға алынып, 15 жер пайдаланушының 41,5 гектар телімінің құнын шығару жұмысы аяқталды», - деді ол.
Рахматілдә Рахманбердиев, сонымен қатар, Жетібай, Мырзатай, Қостөбе ауылдарының 45 гектар аумағына инфрақұрылым тартылып, Жетібай ауылында кезекте тұрған 52 азаматқа жер үлестірілгенін баяндады. Енді Мырзатай мен Қостөбе ауылдарының тұрғындарына 173 және басқа ауылдардың азаматтарына 60 жер телімі берілмек.
«2020-2021 жылдары қосымша 503,5 гектарды, яғни 2803 участокты тұрғындар кәдесіне жаратуды жоспарлап отырмыз», - деді әкім.