Қазақстанның соңғы жаңалықтары

"Сезілмейтін сырқат": Енді қатерлі ісікті ерте анықтауға болады

17 Маусым 2025, 12:29
1246
Бөлісу:
 Артём Чурсинов  - архив
Фото: Артём Чурсинов - архив

Қатерлі ісіктің белгілері пайда болмай тұрып бірнеше жыл бұрын анықтауға болады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Independent-ке сілтеме жасап.

АҚШ-тағы Джонс Хопкинс университетінің ғалымдары қатерлі ісік өскіндерінің белгілерін бірнеше жыл бұрын, ешбір симптом байқалмай тұрып анықтай алатын "өте сезімтал" қан талдау әдісін жасап шықты. Бұл жаңалық болашақта науқастар үшін емдеудің тиімділігін арттыруы мүмкін.

Ғалымдар ісік жасушаларынан бөлінетін генетикалық материалды науқасқа диагноз қойылғанға дейін қаннан анықтауға болатынын анықтаған.

Cancer Discovery ғылыми журналында жарияланған зерттеуде қатерлі ісік тудыратын генетикалық мутациялар кейбір пациенттердің қанынан үш жылдан астам уақыт бұрын анықталғаны жазылған.

Үш жыл бұрын ерте анықтау дегеніміз - алдын ала шара қолдануға мүмкіндік бар деген сөз. Бұл кезде ісік тым асқынбаған, әрі толық емделуге болады, – дейді зерттеу авторы Юсюань Ван.

Зерттеу барысында ғалымдар жүрек талмасы, инсульт, жүрек жетіспеушілігі және басқа да жүрек-қан тамыр ауруларына шалдыққан адамдардың қан плазмасын талдаған. 

52 адамның қан үлгісі ерекше дәл және сезімтал геномдық секвенирлеу әдісімен зерттелді. Олардың 26-сына алты ай ішінде қатерлі ісік диагнозы қойылған, ал қалған 26 адам – бақылау тобы ретінде пайдаланылды.

Осы 52 адамның сегізі қан тапсырған сәтте көптүрлі қатерлі ісікті ерте анықтау (MCED) тестінен оң нәтиже көрсетті. Бұл тест қаннан қатерлі ісікке тән ДНҚ мен ақуыздарды іздеу арқылы бірнеше түрлі обыр түрін бастапқы кезеңінде анықтауға арналған.

Осы сегіз адамның барлығы қан тапсырудан кейін төрт ай ішінде қатерлі ісікке шалдыққаны анықталған.

Олардың алтауы қан тапсырғаннан үш-төрт жыл бұрын тағы бір рет қан тапсырған болып шықты. Сол алты адамның төртеуінің бұрынғы үлгілерінен ісікке тән мутациялар анықталған.

Ғалымдар бұл нәтижелердің MCED тестерінің болашағы зор екенін көрсетіп тұрғанын айтады. Болашақта мұндай тесттерді жыл сайын немесе екі жылда бір рет жасау арқылы қатерлі ісікті емдеуге көнбейтін деңгейге жеткізбей, ерте анықтауға мүмкіндік туады.

Бұл нәтижелер қатерлі ісікке тән ДНҚ-ны клиникалық диагноз қойылғанға дейін үш жыл бұрын ерте анықтауға болатынын және ол үшін қандай сезімталдық қажет екенін көрсетеді, – дейді зерттеушілер.

Қатерлі ісікті бірнеше жыл ерте анықтау ем нәтижесін әлдеқайда жақсартуы мүмкін, – деп атап өтті зерттеу авторларының бірі Николас Пападопулос.

Ғалымдар енді бұл жаңалықты көп адам қатысатын ауқымды зерттеуде қарастыруды көздеп отыр. 

Еске салайық, осыған дейін зерттеушілер қартаюды баяулататын дәруменді анықтаған. Сонымен қатар, сүт безі қатерлі ісігінің ұлғаюын тежейтінін дәрі туралы айтқан.

Өзгелердің жаңалығы