Бұл туралы "Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институты" АҚ бас директоры Бегман Құлбаев айтты, деп хабарлайды Алматыдағы BAQ.KZ тілшісі.
"ҚазҚСҒЗИ" басшысы Алматыда өткен "Индустриялық құрылыс" халықаралық форумында сөз сөйлеп, елімізде құрылыс кодексі әзірленіп жатқанын айтты.
Қазақстан аумағының 43 пайызы сейсмикалық қауіпті аймаққа жатқызылған. Сондықтан елімізде сейсмикалық қауіпсіз құрылысқа ерекше көңіл бөлінеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасымен 1 жылға жуық уақыт құрылыс кодексінің жобасы әзірленіп жатыр. Құрылыс кодексінің жобасында сейсмикалық қауіптілігі жоғары аймақтарда жобалау және құрылыс жүргізуді реттейтін тарау қарастырылған. Өкінішке қарай, бұл қазіргі заң актілерінде жоқ. Жоба ішінде осындай жеке тарау жасау барысында біз сейсмикалық қауіптілігі жоғары мемлекеттердің әлемдік тәжірибесін алып қана қоймай, оларды жергілікті ерекшелікке қарай бейімдеуге тырыстық, - деді "ҚазҚСҒЗИ" АҚ бас директоры Бегман Құлбаев.
Сондай-ақ оның айтуынша, жаңа құрылыс кодексінде "сейсмикалық қауіпті бағалау" ұғымы енгізіледі.
Құрылыс кодексінде бірқатар жаңа ұсыныс енгізілді. Мысалы "сейсмикалық қауіпті бағалау" термині. Бұл жаңа түсінік емес. Бірақ Қазақстан үшін оны заң нормаларына енгізу кішігірім жаңалық десек болады. "Сейсмикалық қауіпті бағалау" термині белгілі бір аумақта белгілі бір магнитудағы белгілі бір уақытта жер сілкінісінің болуы мүмкін екенін анықтаумен түсіндіріледі. Сейсмикалық қауіпті бағалау тұрғындар мен ғимараттардың жер сілкінісіне қаншалықты дайын әлі қорғанған екенін анықтауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта бұл термин кодекс жобасына еніп отыр, - дейді ол.
"ҚазҚСҒЗИ" басшысы кодексті әзірлеуші жұмыс тобында 200 жуық адамның енгенін атап өтті.
Құрылыс кодексінің қабылдануы еліміздегі нормалардың әлемдік стандарттарға сай болуына, бәсекелестіктің дамуына, жобалау және құрылыс саласындағы сапаның артуына, мемлекеттік бақылаудың тиімді тетіктерін құруға әсер етеді деп сенеміз. Қазір кодекс жобасын Мәжіліс қарап жатыр. Бір ерекшелігі, жоба әзірленуіне атсалысып жатқан жұмыс тобына қоғамдық ұйым өкілдері де, сарапшылар да, белсенді тұрғындар да енді. Барлығы 200 адам бар. Бұл адамдардың тиімді заң жобасын әзірлеуге шынайы ынта мен қызығушылығы бар екенін көрсетеді, - деді "ҚазҚСҒЗИ" АҚ бас директоры Бегман Құлбаев.
Бұғін дейін маман Алматыдағы ғимараттар жерсілкінісіне төтеп береді дегенді айтқан болатын. Сонымен қатар Алматыдағы жер үйлер сейсмикалық нормаларға сай болуы керектігі жөнінде сөз қозғаған еді.