Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Соңғы 30 жыл көлемінде жер сілкінісі тым жиілеп кетті. Күндіз де, түнде де жер қыртысының қозғалысын сезіп тұру шығысқазақстандықтар үшін үйреншікті жағдайға айналғандай. Алда-жалда апат бола қалса не істеуге болады? Бар-жоғы екі ғана сейсмологиялық станциясы бар облыс қайғылы жағдайдың алдын алуға дайын ба? Көкейкесті осы және басқа да сауалдарға сайт тілшісі жауап іздеп көрді.
«Бұл – жер жаратылғаннан бергі үрдіс» дейтін шығармыз, дегенмен Жер шарындағы бүкіл жер сілкінісінің 15 пайызы Қазақстанның Алатау, Алтай, Тарбағатай таулы аумағын қақ жарып өтетін белдеуге тән екенін біреу – білсе, біреу – білмес. Бірнеше жер жарығының үстінде орналасқан Шығыс өңірі 6-9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтарға жатады.
Баланың өмірін жалмаған жер сілкінісі
Шығыс Қазақстан аумағының жер сілкінісінен «кенде емес» екенін алға тартқан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары бұл аймақтағы ірі жер сілкінісі туралы алғашқы деректердің сонау 1761 жылы тіркелгенін айтады. Осы жылы орын алған Монғолиядағы 10-11 балдық жер сілкінісінің әсері Семей, Өскемен қалалары мен Ертіс өзенінің бойын жағалай орналасқан басқа да елді мекендерде сезіліп, магнитудасы 6 балға дейін жеткен.
Кейін 1887 жылы Өскемен қаласы мен 1901 жылы Глубокое және Бұқтырма елді мекендерінде тіркелген 6-7 балдық жер сілкінісінің эпицентрін жергілікті деп атауға болады.
1990 жылдың 14 маусымы күні эпицентрінде күштілігі 8 балға жеткен жер сілкінісі Зайсан ауданында орын алды. Зайсандық зілзаладан соң бес ай бойы жер қыртысы тоқтамай бес жүз рет дірілдеп, оның екеуі 5-6 балға дейін жеткен. Бұл жер сілкінісі аймақты елеулі түрде зардап шектіріп, көптеген ғимараттар қирады. Зайсан ауданының бұрынғы Рожково (қазіргі Біржан) ауылында Біржан есімді бала құлаған үй қабырғасының астында қалып, мерт болды. Жалпы, бұл жолғы зілзала салдарынан 8874 үй қирап, 300 миллион кеңестік рубль көлемінде шығын келтірілді.
2003 жылдың 27 қыркүйегі күні Ресейдің Алтай аймағындағы Чуя өзенінің аңғарында орын алған 9-10 балдық жер сілкінісінің әсері Шығыс Қазақстанның солтүстік-шығыс аумағында 7 балдық күштілікпен сезілді.
Соңғы күшті жер сілкінісі 2017 жылдың 4 сәуірі күні орын алып, Зайсан ауданында оның магнитудасы 5-6 балл, ал облыс орталығында 3-4 балл болып сезілген.
Қауіпті аймақ екені рас
Шығыс Қазақстан аймағының күшті жер сілкінісі болуы мүмкін екенін облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мамандары жоққа шығармайды.
«Шығыс Қазақстан еліміздің сейсмикалық белсенді аймағына жатады. Бұл аймақта Локтев-Қара Ертіс, Ертіс, Нарым, солтүстік Зайсан, солтүстік Сауыр, оңтүстік Сауыр, Жарма және Шыңғыс-Алакөл сияқты 8 неотектоникалық белсенді жер жарықтары орналасқан. Кешенді геологиялық-геофизикалық деректерге сәйкес, Нарым, Марқакөл, Сарымсақты, солтүстік Зайсан, оңтүстік Сауыр және Тарбағатай сынды бірнеше сейсмогенерациялық аумақтарда магнитудасы тоғыз балдық жер сілкінісі болуы мүмкін. Соңғы 10 жылдағы жер сілкіністерін сараласақ, Шығыс Қазақстан аумағында орташа дегенде MSK-64 шкаласымен 2-ден 6 баллға дейінгі жер сілкінісі екі рет болып тұрады», – дейді ШҚО ТЖД бастығы, азаматтық қорғаныс полковнигі Нұрлан Мадьяров
Шығыс Қазақстан облысының 60 пайыз аумағы 6-9 балдық жер сілкінісі болуы мүмкін аймақтарға жатады. Өңір жер сілкінісінің күштілігі бойынша келесідей төрт аумаққа бөлінеді:
1) Облыстың 55,5% аумағы, яғни 157,2 мың шаршы шақырымы, 616,8 мың тұрғынымен 6 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Оған Семей, Курчатов қалалары, Бесқарағай, Бородулиха, Шемонаиха аудандары мен Абай (5 елді мекені), Жарма, Ұлан және Аягөз аудандарының бір бөліктері кіреді.
2) Облыстың 25,2% аумағы, яғни 71,486 мың шаршы шақырымы, 639,2 мың тұрғынымен 7 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Оған, Өскемен, Риддер қалалары мен Глубокое ауданы және Аягөз, Бородулиха, Жарма, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Зырян, Шемонаиха (6 елді мекені) аудандарының бір бөліктері енеді.
3) Облыстың 15% аумағы, яғни 42,592 мың шаршы шақырымы, 130 мың тұрғынымен 8 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Оның ішіне, Зайсан ауданы мен Катонқарағай, Көкпекті (9 елді мекені), Күршім (15 елді мекені), Тарбағатай (21 елді мекені), Зырян (10 елді мекені), Үржар (21 елді мекені) аудандарының бір бөліктері кіреді.
4) Облыстың 4,3% аумағы, яғни 12,02 мың шаршы шақырымы, 14 мың тұрғынымен 9 балдық жер сілкінісі болуы ықтимал аймаққа жатады. Бұл аймаққа Катонқарағай ауданының бір бөлігіндегі 26 елді мекен жатады.
Болжау мүмкін емес
Сейсмологтар жер сілкінісі болжамдарын үш түрге бөледі. Атап айтсақ, 3-тен 10 жыл аралығын қамтитын – ұзақ мерзімді, 1-2 жыл аралығын қамтитын – орта мерзімді және бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейінгі аралықты қамтитын қысқа мерзімді болжамдар. Олардың әрқайсысы бойынша жер сілкінісінің қауіпті аумақтарының картасы жасалады. Барлық алынған деректерді болжаушы комиссия талдап, ҚР ІІМ ТЖК, Қауіпсіздік кеңесі мен Алматы қаласының әкімдігіне жолданады. Қоса кетсек, орта мерзімді болжамдарды сейсмикалық бақылау жүйесі жақсы дамыған Алматы облысы ғана жасай алады
«Облыс аумағындағы Білім және ғылым министрлігінің Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясына тиесілі екі сейсмостанция Семей және Зайсан қалаларында орналасқан. Автоматты режимде жұмыс істейтін аталмыш станциялар аталмыш экспедиция мамандарының қарауында. Олар құрамында 28 сейсмологиялық станциясы бар Тянь-Шань станциялар кешеніне кіреді», - дейді Нұрлан Мадьяров.
Жауапты тұлғаның айтуынша Семей қаласындағы сейсмологиялық станция 1947-1949 жылдары құрылған, ал Зайсандағы мұндай станция 1990 жылғы күшті жер сілкінісінен кейін ашылған. Жалпы, біздің өңірдегі мұндай станциялардың саны 10-нан кем болмауы керек көрінеді.
«Сейсмологиялық тәжірибелік-әдістемелік экспедициясы мамандарының пікірінше аталмыш сейсмологиялық станциялардағы құрылғылар бүгінде ескірген. Яғни оған сейсмологиялық құрылғылар, сейсмометр, күшті қозғалыс пункттері керек», – дейді департамент басшысы.
Жер сілкінісі бола қалса...
ШҚО ТЖД басшысы тұрғындардың жер сілкінісінен қорғана білуі адам шығынының аз болуына септігін тигізетінін айтады. Десек те, мұндай жағдайда әр адам бірінші кезекте өзінің және жақын адамдарының бас амандығын ойлауы қажет. Бұған үнемі дайын болып, апат орын алған кезде не істеу керектігін нақты білген жөн.
Әбігерге түспейтіндей барлық құжаттар мен апат кезінде көмегі тиетін заттарды көзге көрінетін жерге сақтап қойыңыз. Жер сілкінісі болатын аймақта:
- Үйіңіздегі дәрі-дәрмек қобдишасы үнемі қолжетімді жерде тұруы керек, оның жанында тұтатқыш пен аккумуляторлы радио тұруы керек;
- кіші-гірім өрт сөндіргіш алып, оның жұмыс істейтініне көз жеткізіңіз;
- алғашқы жедел медициналық көмек көрсетуге машықтаныңыз;
- жер сілкінісі сезілісімен үйге келетін газ, су және электр крандарын жабыңыз;
- сүйікті шкафыңыздың астында қалмас үшін ауыр жиһазды еденге мықтап бекітіңіз;
- паналайтын жерді алдын ала ойластырып қойыңыз;
- сөрелерге ауыр және сынатын заттарды қоймаңыз;
- құтыда су сақтап жүріңіз.
***
Жалпы, жер сілкінісінің болжамы болуы мүмкін деген ықтималдылықпен жасалады, болжам нақты болуы үшін кешенді геофизикалық деректер жинақталып, жер сілкінісі үрдісінің моделі жасалуы керек. Қазіргі уақытта жер сілкінісінің қысқа мерзімді болжамын жасау жаратылыстанудың қиын, әрі көп зерттеуді қажет ететін мәселесі. Сондықтан қысқа мерзімді болжам жасау тәжірибеден гөрі ғылыми-зерттеу саласына жақын. Жер сілкінісін алдын ала білдіретін әмбебап белгілерінің болмауы, сонымен қатар аномальды құбылыстардың орнықсыздығы кешенді зерттеулерді қажет етеді.
Қалай десек те, зілзаланың болып-болмауын дәлме-дәл болжау бүгінгі ғылымның ең күрделі мәселесі болып қала бермек. Кешенді зерттеулерді талап ететін бұл үрдіс еліміздегі сейсмологтардың бастарын ауыртып, балтырларын сыздатқан басты мәселе екені рас. Дегенмен, Жер ананың жоспарын болжап білу мүмкін емес. Табиғат апатының алдын алуда еліміздің ғана емес шетелдік мамандар да дәрменсіз. Бар-жоғы 6 миллиард жастағы ғаламшарымыз жас болғандықтан әлі де адамзатқа тартар тосынсыйлары көп. Тек оның қандай болатынын адамзат ұрпағы көре ме, көрмей ме – белгісіз...
12 балдық сейсмикалық баған
Балл |
Күштілігі |
Келетін зақым |
1 |
Байқалмайтын |
Сейсмикалық құрылғылар ғана анықтайды |
2 |
Өте әлсіз |
Тыныш отырған кейбір адамдар ғана сезеді |
3 |
Әлсіз |
Тұрғындардың кейбірі ғана сезеді |
4 |
Орташа |
Аздаған діріл байқалып, ыдыс-аяқ сылдырлайды |
5 |
Әжептәуір күшті |
Ғимараттар, жиһаз дірілдеп, қабырғаға сызаттар түседі |
6 |
Күшті |
Қатты сезіліп, сылақтар құлайды |
7 |
Өте күшті |
Тас үйлердің қабырғалары жарылады |
8 |
Талқандаушы |
Дымқыл жерлер жарылып, ескерткіштер төңкеріледі |
9 |
Алапат |
Тас үйлерге зақым келіп, құлайды |
10 |
Жойқын |
Тау беткейлері көшіп, ғимараттар құлайды |
11 |
Апатты |
Жер қатты жарылып, жартастар құлайды |
12 |
Өте апатты |
Барлық ғимараттар құлап, сарқырамалар пайда болып, өзен арналары өзгереді, жер жарылады |
Азамат ТЕМІРБЕКОВ
Фото: шартты