Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Сейфтерді ұрлаған банк қызметкері 12 жылға сотталуы мүмкін

19 Қыркүйек 2025, 13:36
454
Бөлісу:
 finlit.uz
Фото: finlit.uz

Токио соты MUFG банкінің бұрынғы қызметкері Юкари Ямазакиге 1,7 млрд иен (шамамен 6 218 000 000 теңге) ұрлады деген айыппен 12 жылға түрме жазасын сұрады. Ол алтын құймалар мен қолма-қол ақшаны клиенттердің сейфтерінен жымқырғанын мойындады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі Japan Today басылымына сілтеме жасап.

47 жастағы Юкари Ямазаки 2023 жылғы наурыз бен 2024 жылғы қазан аралығында Токио қаласының Нерима және Тамагава филиалдарында алты клиенттің сейфтерінен шамамен 330 миллион иен (шамамен 1 207 800 000 теңге) тұратын алтын құймалар мен 60 миллион иен (шамамен 219 400 000 теңге) қолма-қол ақшаны ұрлады деген күдікке ілінді.

Сейфтерді ұрлаған банк қызметкері 12 жылға сотталуы мүмкін
Фото: iStock

Прокурорлардың айтуынша, Ямазаки өзге де клиенттердің активтеріне қол сұқты деген болжаммен жалпы ұрланған қаражат көлемі 1,7 миллиард иенге (шамамен 6 218 000 000 теңге) жеткен. Бастапқы қамауға алынғаннан кейін тегі Имамураға ауысқан Ямазаки сотта 1,7-1,8 миллиард иен (шамамен 6 218 000 000-6 576 000 000 теңге) көлеміндегі ақша мен бағалы заттарды ұрлағанын мойындады.

Mitsubishi UFJ Financial Group Inc компаниясының негізгі банк бөлімшесі шығын мөлшерін 1,4 миллиард иен (шамамен 5 115 000 000 теңге) деп бағалап, шамамен 70 клиент зардап шеккенін хабарлады.

Токионың аудандық сотында прокурорлар Ямазакиді қаржы мекемелеріне деген қоғамдық сенімді бұзды деп сынға алды. Ол филиал директорының міндетін атқарушы лауазымын пайдаланып, клиенттердің ірі көлемдегі ақшасы мен активтерін жымқырғаны үшін айыпталуда.

Ал қорғаушы тарап Ямазакидің жасаған ісіне өкінгенін және тергеуге көмектескенін ескеріп, оған бес жылдық түрме жазасы жеткілікті деп есептейді. Соңғы сөзінде Ямазаки қоғамда үлкен резонанс туғызғаны үшін кешірім сұрады.

Сот үкімі 6 қазанда жарияланбақ. Бұл іс "теңдесі жоқ қылмыс" деп сипатталды.

Ямазаки 1999 жылы MUFG банкіне жұмысқа орналасып, қызметтік сатыдан жоғарылаған. Оның ұрлығы 2024 жылғы қазанда клиенттің шағымынан кейін әшкереленіп, ол қараша айында жұмыстан босатылды.

Содан бері MUFG банкі Ямазаки жұмыс істеген екі филиалдың клиенттеріне сейфтерді пайдалану ақысы бойынша төлемдерді қайтарып, келтірілген шығынды өтеп жатыр.

Өзгелердің жаңалығы