Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының аумағында жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мақсатында 14-20 қыркүйек аралығында “Жасөспірім“ жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз және тұрғынжайдан тыс жерде болу, сондай-ақ кәмелетке толмағандарға алкогольдік ішімдіктерді, темекі бұйымдарын өткізу фактілерінің жолын кесу мақсатында жүзеге асырылады.
Ювеналды полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орындарында рейдтік жұмыстар жүргізеді.
Жедел алдын алу іс-шарасының өткен екі күнінде ІІО-на 113 кәмелетке толмаған жеткізілді, 23.00-ден 06.00-ге дейін уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз 95 жасөспірім, қадағалаусыз және панасыз қалғаны үшін алты жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды, кәмелетке толмағандардың шаншу-кесу заттарын алып жүруінің екі фактісі анықталды.
Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін тоғыз ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
ІІО есебіне 21 жасөспірім және 14 қолайсыз отбасы қойылды.