Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Серікзат Дүйсенғазы: Жаңа Конституция жобасында қазақша мәтіннің тілі жатық, ұғымға жеңіл

Бүгiн, 20:00
183
Бөлісу:
 @BAQ.KZ-тің архиві - Артем Чурсинов
Фото: @BAQ.KZ-тің архиві - Артем Чурсинов

Филология факультетінің деканы, айтыскер ақын Серікзат Дүйсенғазы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Ата Заңның жаңа жобасына қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Ақын, әдебиеттанушы ғалым мемлекетіміздің болашағаныа алаңдайтын азамат ретінде отырып қарап шыққанын жеткізді. Айтуынша, жаңа заманауи Конституция қабылдау керек деген идеяны толық қолдайды.

Әр саланың мамандары өзіне қатысты тұстарына пікірлерін айтып, талдау жасаса құба-құп. Әрине, мен бастай-аяқ терең талдау жасайтындай заңгер маман емеспін. Дегенмен, филолог ретінде өз пікірімді ортаға сала кетейін. Бізде бұрын барлық заңдар алдымен орыс тілінде дайындалып, кейін қазақшаға аударылатын. 2000 жылдары «Көші-қон туралы» заң ғана түпнұсқада қазақша дайындалғанын естіп жүрдік. Сол масқараға халқымыз іштей наразы болса да, амалсыз көніп келді. Өйткені, қазіргі қолданыстағы Ата Заңымызда бір оқығанда түсіну қиын тіркестер көп. Ертеректе бір айтыста Бекжан Әшірбаев «ағайын, бұл заманда ең қиыны, қазақшаны аудару қазақшаға» деп еді. Сол айтқандай, қазіргі Конституцияның қазақшасын қазақшаға «аударып» оқитынбыз. Өйткені, ол орысша жазылып, кейін ана тілімізге аударылғаны шыққан күндей шындық қой. Мәтінінің калька аударма екені бірден сезілетін. Мысалы, төртінші баптағы: «Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтік құқықтық актілердің, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да міндеттемелерінің, сондай-ақ Республика Конституциялық Сотының және Жоғарғы Соты нормативтік қаулыларының нормалары болып табылады» деген тіркесті қарапайым адам қалай түсінеді? Ең басты заңын орысша жазған елдің осыған дейінгі тағдыры туралы,бұдан кейін бірдеңе айтуға да қиналасың. Шындығында, Ата Заңның жаңа жобасының қазақша мәтінінің тілі қолданыстағымен салыстырғанда әлдеқайда жатық екен, - деп атап өтті айтыскер ақын.

Сонымен қатар ол қазіргімен айырмашылық жер мен көктей деп отыр.

Ұсынылған жобадағы нұсқасы барлық адамға ұғынықты екенін бірден байқадым. Сірескен терминдер мен калька тіркестерден тазарыпты Мәтіннің аударма емес, түпнұсқа екенін аңғардым. Конституция тек заңгер мамандар үшін жазылмайды Негізі, келешекте барлық заңдарымыздың түпнұсқасы қазақ тілінде дайындалуы керек. Әйтпесе, мемлекеттік тілді дамытамыз дегеніміэ бос ұранға айналмақ. «Жаңа жобадағы тоғызыншы бап туралы неге айтпайсың?» дейтіндеріңізді біліп отырмын. «Жиенқұлға келгенде шықтайды үнім» дегендей, қазіргі жетінші бап мәселесі мені де үнемі толғандырады. Өйткені, қазақ тілінің жанашырымын. Оған өзгеріс енгізу керектігін талай сахнада айтқанмын. Әлі де сол пікірімді айтамын. Бұл өзі абайламасақ ұстараның жүзіндей қылпылдап тұрған мәселе екенін де білемін. «Өгізді де өлтірмей, арбаны сындырмай» алып шығамыз деген тізгін ұстар азаматтар оны бізден гөрі жақсы біледі. Бір амалын қылар деп үміттенемін, - деді Серікзат Дүйсенғазы.

Өзгелердің жаңалығы