Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру комитетінің төрағасы Серік Сәпиев сыбайлас жемқорлықпен күрес бағытында комитет тарапынан атқарылып жатқан шаралар турасында баяндады.
Біздің жұмыстарымыз бойынша комитет ішінде тексеріс жұмыстары жиі жүргізіліп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі мониторинг жасап тұрады. Біз Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен жиі жұмыс істейміз, - деді ол.
Серік Сәпиев комитеттің жұртшылықпен байланысқа үнемі ашық екенін айтады.
Мен ай сайын азаматтарды қабылдаймын, кездесуге кез келген адам ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, біздің комитет арқылы жазыла алады. Кездесуге жазылғандардың барлығын қабылдаймын. Спорт және дене шынықтыру комитеті жұртшылықпен байланысқа үнемі ашық. Бізге хабарласқан әрбір адам тиісінше жауап ала алады, - деді ол.
Оның айтуынша, қазіргі таңда қоғам мемлекеттік органдармен белсенді жұмыс істей бастаған.
Бұрын мұндай емес еді. Бұқаралық ақпарат құралдарында қандай да бір мемлекеттік орган жетекшілеріне қатысты заңбұзушылықтың анықталғаны да жиі жарияланып жүр. Белгілі бір мекеме басшысының заңға қайшы әрекетіне тосқауыл қоюға болады, деген ойдамын, - дейді Сәпиев.
Комитет төрағасы карантин кезінде спорт саласының қалай әрекет етіп жатқаны туралы айтты.
Біз барлық оқу-жаттығу жиналыстарының, жаттығулардың, қоғамдық шаралардың кестесін қарап шықтық. Елдегі төтенше жағдайға байланысты түрлі шаралардың өту мерзімін өзгерттік, кейбірін өткізуден бас тарттық. Токио жазғы Олимпиада ойындары 2021 жылға ауыстырылғаны белгілі. Әзірге ресми түрде 2021 жыл деп белгіленген. Біздің ұлттық құрама өздерінің кестелерін қайта қарап шықты. Сәйкесінше, балалар, жасөспірімдер құрамалары да кестелерін қайта қарады. Тіпті, әлемдік турнирлер де тоқтатылды. Ұлттық Олимпиада комитеті біздің барлық шараларымыздың өту кестесін саралап, бюджетке қомақты қаржы қайтарды, - деді Серік Сәпиев.