Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда отандық бұқаралық ақпарат құралдары соңғы жылдары қарқынды дамып келеді.
Жаңа Қазақстан үшін БАҚ бостандығы мен оны жасаушы журналистердің ролі мен маңызы басты орында тұруы шарт. Халық саны көп Түркістан өңірінде басылым да, телеарналар да көп. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде болашақ БАҚ өкілдерін дайындайтын арнайы кафедра да бар. Біз осы аталған оқу орнының профессоры әрі елге танымал бірнеше әндердің авторы, композитор Бекжігіт Сердәлімен рухани қаладағы отандық БАҚ пен осы университеттен шыққан журналистер туралы сұхбат құрдық.
– Әңгімемізді журналистикадан бастасақ. Түркістанға ең алғаш жоғары оқу орны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті ашылғалы еңбек етіп келесіз. Содан бергі оқу орнында қанша журналистер тәрбиеленіп шықты? Түркістан журналистикасы отандық бұқаралық ақпарат құралына кадр дайындау арқылы қаншалықты үлес қосты?
– Қазір Қазақстанда медиа саласының мамандарын даярлайтын 20-дан астам оқу орны бар. Солардың ішінде Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің журналистика білім беру бағдарламасы рейтинг көрсеткіштері бойынша түлектер сұранысы жағынан алғашқы «бестіктің» ішінде. Бүгінде еліміздің көптеген бұқаралық ақпарат құралдарында біздің түлектеріміздің жемісті еңбек етіп жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Алғашқы түлектеріміз 98-ші жылы түлеп ұшса, бүгінде бітірген барлық түлектердің 80 пайызы өз мамандықтары бойынша түрлі салада еңбек етіп жүр, яғни жергілікті облыстық БАҚ құралдарын айтпағанның өзінде «Егемен Қазақстанда» – 3, «Хабар» агенттігінде – 5, «Қазақстан» ұлттық арнасында – 6, Қазақ радиосында – 4, «Оңтүстік Қазақстанда» – 7 шәкірт қызмет етуде. 6 шәкіртіміз – кандидаттық, 12 шәкіртіміз – магистрлік диссертацияларын қорғаған. Университетімізде журналистика мамандарын дайындау 1994 жылдан жүзеге аса бастағанымен, жеке дара кафедра болып ашылғаны кеше. Қазір оңтүстік өңірінде ғана емес, түркі елдерінде де журналист мамандарын даярлаудың бірегей орталығына айналдық. Осында журналистика бөлімін бітірген Тыва, Саха, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркия, Ауғанстан азаматтары өз елдерінде медиа саласында тынбай қызмет етуде. Олардың кейбірі бірнеше кітап шығарып үлгерген белгілі жазушылар. Талантты шәкірттеріміз Лира Қоныс пен Назира Байырбек АҚШ-та ғылым соңында жүр.
Республикамызда маман дайындау бойынша сараптама жасайтын «Атамекен» рейтингісінде де алдыңғы орындамыз. Бұл рейтингті жасауда тәуелсіз агенттіктердің сарапшылары әртүрлі критерийлерге мән береді. Соның ішінде кафедра түлектерінің табысты жұмысқа орналасуына, олардың жетістіктеріне, материалдық-техникалық базамызға, профессор-оқытушылар құрамына, олардың сапасына қарайды. Одан бөлек академиялық ұтқырлық бойынша шетелде білім алып жатқан шәкірттеріміздің жетістіктері, сондай-ақ шетелден бізге келіп оқып жүрген білім алушылардың саны мен сапасы ескеріле отырып рейтинг жасалады. Қазір Қырғызстанның Манас университетінен бізге келіп академиялық ұтқырлықпен білім алып жатқан студенттер бар.
– Журналистика саласы бойынша кафедрада қандай бағытта оқытып жатырсыздар, яғни газет, телеарна немесе сайт, радио тілшісі ме? Болашақ БАҚ өкілдері жалпы ең бастысы нені меңгеріп шығуы тиіс?
– Алда цифрлық журналистика, телерадио журналистика мамандықтары бойынша магистратура ашпақ ойдамыз. Кей-кейде «журналистика мамандарын арнайы оқытудың қажеті жоқ» деген жаңсақ пікірлерді естіп қаламыз. Біз онымен мүлде келіспейміз. Бүгінде осы өңірде бұқаралық ақпарат құралдарын басқарып отырған, жетекші журналист болып қызмет етіп жүргендердің дені бізде білім алған кәсіби мамандар. Журналистерді университеттерде арнайы даярлаудың қажеттігі дамыған елдердің өзінде баяғыда дәлелденген. Қазір әлемнің қай еліне барсаңыз да, жоғары оқу орындарында медиа, коммуникация бөлімдерінің бар екеніне көз жеткізесіз. Алпауыт ел саналатын Американың өзінде журналистерді арнайы институттарда даярлайды. Батыс Еуропадағы дамыған елдерде де журналист кадрлары толыққанды оқытылатынын көріп жүрміз. Ал «қысқа курстар арқылы журналист дайындап аламыз» деу орынсыз. Курстар арқылы БАҚ техникасын үйретуге болар, бірақ білім көкжиегін кеңейту мүмкін емес. Журналист болу үшін теорияның болуы аса маңызды. Көп жағдайда осы теориялық білім жетіспегендіктен, журналистер жазу-сызуда қателіктерге ұшырап жатады. Жауапкершілікті сезіне алатындай өзіндік көзқарас, БАҚ әдебі, өзіндік позиция – осының барлығы теориямен келеді. Кезінде көршіміз Өзбекстанда осындай жаңсақ пікірлердің салдарынан журналистика факультеттері жабылып, БАҚ мамандарын қысқа курстар арқылы даярлау жүзеге асқан болатын. Артынан оның қателік болғаны мойындалып, қазір онда бірқатар қалаларда қайтадан журналистика факультеттері ашылып жатыр.
– Бұрындары мектеп түлектері Алматыға, қала берді Нұр-Сұлтан қаласына барып, сол жақтағы жоғары оқу орындарының журналистика факультетіне оқуға түскісі келетін. Қазір Түркістан журналистикасы солармен теңесіп қалды деп айта аласыз ба? Түлектер не үшін Ясауи атындағы ХҚТУ журналистикасын таңдауы керек, аргумент айтсаңыз.
– Романтика іздеген жастардың үлкен қалаларға барып оқығысы келетіні рас. Олар тыңғылықты білім алғаннан гөрі, қызық-думан қуып, мегаполистерде студенттік жарқын күндерін қызықпен өткізгісі бар. Ал, нағыз білім алғысы келген жастар серуен қуатын қала таңдамайды, оқу орнын таңдайды. Сол жақтағы білім мұнда да бар. Мемлекеттің бекіткен білім стандарты барлығына ортақ. Тек бізде Түркияның таңдаулы оқу орындарымен серіктесе жасалған арнаулы пәндер бар. Бұлар цифрлық журналистикаға, тележурналистикаға, веб-дизайнға, конвергентті журналистикаға, салалық журналистикаға бағытталған пәндер. Осы пәндердің басым бөлігін Түркиядан келген айтулы мамандар жүргізеді. Студенттерге арналған оқу жоспары бірнеше траекторияға бөлінген. Мәселен, студент тележурналист болғысы келсе, таңдау құқы өзінде, тележурналистика траекториясын таңдайды, ІТ-журналист боғысы келсе, интернет-журналистика траекториясын таңдайды. Тағы бір айта кететін жайт, Түркістандағы оқу орнының ерекшелігі – халықаралық стандартқа сай білім беруінде. Академиялық ұтқырлық та соған лайықталған: Түркияда, Европада, басқа да шетел мемлекеттерінде бір семестр оқып келуіне мүмкіндіктер бар. Өзге оқу орнында жоқ тағы бір ерекшелігіміз бар: ол – Түркия гранты. Төрт курста ақылы негізде оқитын бірен-саран студент болмаса, жалпы алғанда, барлығы грант есебінен тегін білім алады.
– Қазір болашақ жаңалық жаршыларын кеңес кезіндегі оқулықтардан лекция жасап оқыту, құрғақ та жалаң лекциямен бәсекеге қабілетті ете алмайсың. Студенттеріңізді көбіне неге қызықтырып отырасыздар? Оларды өндірістік тәжірибеге жіберерде қандай талап қоясыздар?
– Кафедрада теориялық білімді тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндіктер қарастырылған. Осы бағытта халықаралық «Түркістан» телеарнасымен, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары шоғырланған Қазақстан Журналистер одағы Түркістан облыстық филиалымен, «Қазақ радиосымен» практикалық сабақтарды дәрісханаларда емес, тікелей базада өткізу бағытында өзара қол қойылған меморандумдарымыз бар. Осы мақсатта қазір студенттер практикалық, студиялық дәрістерін дуальды білім арқылы тікелей практикалық базада – «Түркістан», «Тұран-Түркістан» телеарналарында, «Түркістан», «Тұран өркениеті» газеттерінде өтіп жүр. «Телеоператор шеберлігі», «Мерзімді баспасөз дизайны», «Тележүргізуші имиджі», «Телевизиядағы жаңалық», «Ақпарат жинау және жазу шеберлігі» сияқты пәндеріміз, міне, осылайша тікелей базада – дуальды білім беру тәжірибесінде өтіп жүр. Оған сол саланың практик мамандары дәріс жүргізеді.
– Журналистика кафедрасының газеті немесе сайты бар ма? Оның шығармашылық құрамында кімдер жұмыс істейді? Жастардың жазуы, талпынысы, креативтілігі қандай?
– Біз өзіміздің техникалық базамызды күшейтуге де аса мән берудеміз. Бүгінде оқу-тәжірибелік 1 телестудия, 1 радиостудия, 1 газетіміз бар. Бұлар білім алушыларымыздың игілігіне жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге, кафедрамызда «Қазақ радиосының» арнайы жабдықталған аудиториясы ашылған. Алда «Түркістан» телеарнасымен бірлесіп мамандандырылған аудитория ашсақ па деген ой бар. Ол аудиторияларда студиялық сабақтар өткізіп, жетекші журналистердің студенттерге арнап шеберлік сыныптарын тұрақты ұйымдастыруын ойластырмақпыз. Студенттер білім ордамыздың айнасы – «Ясауи университеті» газетін шығаруға, басылымның арнайы студенттік бетін даярлауға атсалысу арқылы тәжірибе жинақтауда.
– ХҚТУ журналистика кафедрасында ешкімге ұқсамайтын қандай дәстүрлеріңіз, іс-шараларыңыз бар? Ол болашақ журналистерге не береді?
– Біз студенттеріміздің өзара әдебі мен мәдениетіне ерекше мән береміз. Себебі, болашақ журналистер бір отбасының балаларындай бір-бірімен дос, бауыр болуы керек деген қағиданы ұстанамыз. Сондықтан шәкірттеріміз бір-бірімен кеуделеріне алақандарын қойып тұрып «Армысыз!» деп амандасады. Ал дәріс беретін оқытушыларын «Ұстаз!» деп атайды. Төрт курстағы 100-ден астам барлық студенттер бірін-бірін таниды. «Әпке», «аға» деген туыстық қаратпа сөз олардың ынтымағын арттыра түседі.
– Сіз еңбек жолын 1996 жылы бастағалы 30 жылға жуықтап қалады екен. Осы жылдары Түркістан журналистикасының негізін қалау қандай жолдардан жүріп өтті?
– Кафедрада профессор С.Садықов, доценттер М.Ергебеков, Ә.Бельдибекова, Б.Баешова сияқты білікті мамандар қызмет етеді. Бұлар қазіргі заман табына сай үнемі біліктіліктерін жоғарылатып, ізденіс үстінде жүретін ұстаздар. Ең негізгі нәтижеміз – түлектеріміздің мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуы. Несін жасырамыз, бұқаралық ақпарат құралдарының редакциялары тәжірибелі мамандарды жұмысқа алғысы келеді. Ал оқуды жаңа бітірген жас маманды тәжірибе жоқ деп есептейді де, оларды қызметке алуға құлшыныс танытпайды. Сондықтан түлектеріміздің жұмысқа орналасуына мүдделі болғандықтан, сабақтан тыс уақытта олардың ақпарат құралдарында жұмыс істеуін қолдаймыз. Қазір 2, 3, 4-курс студенттері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп жүр. Бұл олардың сабақтарына кері әсер етпейді. Керісінше, теорияда алған білімдерін практикамен ұштастыруға мол мүмкіндіктер ашады. Осының нәтижесінде бұл студенттер оқу бітірген соң сол ақпарат құралында жұмыста қалады.
– Қазіргі журналистерге кәсіби және сауат тұрғысынан кімдерді оқы, кімдерден үлгі ал деп айтар едіңіз? Жастардың шығармашылығы қалай? Студент күнінен танылып жүрген болашақ мамандар бар ма?
– Біз негізінен өз түлектерімізбен мақтанамыз және кейінгі жастарға соларды үлгі етеміз. Сондықтан бізде жастар телеарнадан көрген «жұлдыз» тележүргізушілерден гөрі өз шәкірттеріміз Лира Қонысқа, Батырхан Сәрсенханға, Жадыра Нармахановаға, Назира Байырбековаға, Жолдыбай Базаровқа, Ғани Жапишевке, Сандуғаш Баймахановаға, Мөлдір Нәлібайға еліктейтін жастар көп. Өкінішке қарай, осы мамандықты қалап оқуға түсуге тілек білдірген талапкерлердің басым бөлігі тележурналист болғысы келеді. Бұл ойландыратын мәселе. Бітіріп жатқанда да радиоға, газет-журналға барып қызмет етемін деушілер сирек. Бұл қазіргі цифрлық технологияның жастарға тигізіп жатқан ықпалы. Дегенмен, осылай екен деп қарап отырғанымыз жоқ. Барынша шәкірттеріміздің медианың өзге саласына деген қызығушылығын оятуға тырысамыз. Соның нәтижесінде бұрынғыдай емес, мәселен, биыл радио мен газетке өндірістік тәжірибеге барушылар қатары көбейді. Ертең олардың практикада жүріп журналистиканың сол саласына деген қызығушылығының арта түсетіні сөзсіз.
– Отандық бұқаралық ақпарат құралдары уақытқа сай дамып, өзгеріп отырады. Күні кеше Түркістанда телеарналар мен басылымдар, сайттар, т.б. бәсекелестігі көп емес болатын. Қазір облыс орталығына айналғалы халықаралық арналар да ашылды. Оқырман әрі көрермен ретінде өзіңізге ұнайтын арна бағдарламаларын айтып өтсеңіз, неліктен?
– Рас. Түркістанда жаңа медианың буыны қатайып келеді. Жаңадан ашылған «Түркістан» теларнасының өзі рейтинг бойынша күн сайын алға жылжып, танымалдығы арта түсуде. Сол сияқты жаңадан ашылған «Тұран өркениеті», «Аймақ» газеттерінің де өз оқырманы бар. Бәскелестік жоқ десек те, бұларда көзге көрінбес өзара ақпарат айдынында танымал болу талпынысы бар. Бұл өз кезегінде ақпарат құралының сапасын арттырады. Мәселен, өзіме халықаралық «Түркістан» телеарнасының бағыты ұнайды. Жаңа форматты бағдарламалар лезде өз көрерменін жинап алып, халық арасында танымалдылығы артуда. Бұл жас арна үшін үлкен жетістік. Мұны мен күні-түні тынбай еңбек етіп жатқан сондағы Бағдат Қожахметов бастаған Жанна, Тельман, Гүлжазира сияқты әріптестеріміздің жанқиярлық еңбегі деп бағалаймын.
– Түркістан рухани қала емес, облыс орталығының жүрегіне айналды. Жаңарған Түркістанның бүгінгі беталысына тоқталсақ. Жергілікті билік өкілдеріне, бас кеңесші, идеологтарға қала тіршілігіне байланысты айтар ұсыныстарыңыз болды ма? Болса жүзеге асқандары бар ма?
– Көп жағдайда жергілікті билік өкілдері біз сияқты қарапайым адамдармен емес, қолында «көзірі» бар, қалтасында ақшасы бар кәсіпкерлермен жиірек ұшырасып, көбірек ақыл-кеңестерін алғысы келеді. Бұл идеологияның екінші сатыда жүргендігінің көрінісі. Сондықтан ұсыныс-тілектеріміз өз жүрегімізде. Қажет жағдайда әлеуметтік желілерге саламыз. Арнайы шақырып алып «не ақыл қосасың?» деген билік адамын көрген емеспін. Бір жағынан, оларды да кіналауға болмайды. Шаруа көп. Барған адам өзінің жеке тірлігін айтып «миын ашытады» дегендей... Солардың зардабы біз сияқтыларға тиіп жатқан болу керек. Оның үстіне билік өкілінің алдында әуелден келе жатқан «дежурный» тізім жатады. Сол тізімдегілер ғана жақындай алады. Алғыс та соларда, марапат та соларда...
– Қазір газет-журналдарды қалдырған және оқыған дұрыс па әлде сайтқа айналғаны жөн бе?
– Газет оқу – зиялылықтың белгісі деп ойлаймын. Сондықтан, газет өлген күні зиялылық та өшеді. Ғаламторды қанша жерден мақтасақ та, ол газет пен журналдай бола алмайды. Заман талабын ескерген дұрыс шығар, бірақ тасқа басылған дүниелердің салмағы қашанда жоғары деп ойлаймын. Қажет ақпаратты экраннан оқығаннан гөрі газетті қолмен ұстап, сезініп оқыған көңілге қонымды. Газет – қаншама адамның үздіксіз ізденісі, табанды еңбегі. Соны сыйлауымыз керек. Өзім өне бойы шәкірттеріме айтып келемін: «Еңбек жолын газеттен бастаған журналист нағыз тілі шұрайлы, ойы ашық, білікті маман бола алады» деп. Сондықтан сіз боп, біз боп газетті өлтірмеуіміз керек.
– Қазақ басылымы, бұқаралық ақпарат құралдарына бұрынғы жанрлардан қайсысын алып қалғаны дұрыс? Оқырман мен көрермен жалпы не оқып, не көргісі келеді деп ойлайсыз?
Қазір ақпарат заманы. Адам салақұлаш мақаланы оқудан қалғаны қашан. Сол себепті, қысқа хабарларға деген сұраныс басым. Газет неғұрлым қысқа хабарларды көбірек басса, соғұрлым оқылымды. Бірақ соны қай форматта береді? Әңгіме сонда. Лонгрид, фактчек, инфографика... Жанрлар осы бағытқа кетіп барады. Ең бастысы, оқырман талғамына қызмет ету керек. Сонда ғана газет таралымы да артады, оқылымы да көбейеді.