Сербия барлық алтын қорын ел аумағына қайтаруды жоспарлап отыр. Бұл туралы елдің Ұлттық банкі мәлім етті, деп хабарлайды BAQ.KZ Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
Сербия Ұлттық банкінің мәлімдеуінше, бұл шешім алтын қорларын дағдарыс пен геосаяси тұрақсыздық кезеңінде қауіпсіз сақтау мен қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында қабылданған.
Алтынды елге қайтару арқылы Ұлттық банк дағдарыс пен белгісіздік кезеңінде қорлардың қолжетімділігі мен қауіпсіздігін арттыруды көздейді, – делінген банк жауабында.
Сербия 2021 жылдан бері алтынды елге қайтару жұмысын жүргізіп келеді. Осылайша, ол Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ сынды дәстүрлі сақтау орталықтарынан бас тартып, барлық қоры ел ішінде сақталатын Шығыс Еуропадағы алғашқы ел болмақ.
Агенттіктің мәліметінше, 2019 жылдан бастап Сербия шетелден 17 тонна алтын сатып алған, сонымен қатар Zijin Mining Group Co. компаниясынан кем дегенде 19 тонна алтын алған. Қазіргі таңда елдің жалпы алтын қоры 50,5 тоннаға жетіп отыр. Оның ішінде 45,5 тоннасы Белградта сақталуда, ал 2024 жылы сатып алынған 5 тоннасы әзірге Швейцарияда. Бұл қорлар жақын күндері елге жеткізіледі.
2022 жылы Ресейдің шетелдегі валюталық резервтері бұғатталғаннан кейін, әлемдегі көптеген орталық банктер алтын жинау қарқынын екі есеге арттырған. Бұл доллар мен еуро сияқты шетел валютасымен номинирленген активтерге иелік етудің саяси тәуекелдерін көрсетті.
Осы тұрғыдан, алтынды ел ішінде сақтау – сыртқы ықтимал шектеулер мен санкциялардың алдын алуға бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланып отыр.