Сенімгерлік басқаруға берілген балабақшалар тексерілді

12 Ақпан 2019, 16:23
3792
Бөлісу:
Сенімгерлік басқаруға берілген балабақшалар тексерілді

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе қаласындағы сенімгерлік басқаруға берілген балабақшаларды бүгін мамандар аралап шықты. Шаһарда бүгінге дейін 9 мектепке дейінгі ұйым сенімгерлік басқаруға өткен. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшылығы кәсіпкерлердің жұмыстарымен танысты.

Былтыр «Ақтөбе қаласындағы балабақшалар сенімгерлік басқаруға беріледі» дегенді естіген жұрт шу шығарған еді. Мемлекеттік бақшалардың барлығы жекенің қолына өтсе, «бөбекжайдың ақысы қымбаттап, балаларымыздың жағдайы қиындайды» деп алаңдады. Қазір облыс орталығындағы 9 балабақша сенімгерлік басқаруға өтті. Қалалық білім бөлімінің мамандары халықтың алаңдауына негіз жоқтығын айтады. Себебі, ескі бақшалар күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп жатыр.

«Сенімгерлік басқаруға берілген балабақшалардың тұрмыс-тіршілігімен, ондағы өзгерістермен халықты таныстыруды жөн санадық. Тұрғындар арасында мұндай бақшалардың жағдайы нашар, оларды ешкім тексермейді, мамандары қысқартылады, балалардың балабақшаға барғаны үшін төленетін ақы ұлғаяды деген жалған пікірлер қалыптасқан. Қала бойынша 9 мектепке дейінгі ұйым сенімгерлік басқаруға берілді. Алғашқы легі 2017 жылы берілсе, 2018 жылдың маусымында 5 балабақша сенімгерлік басқаруға берілді. Сенімгерлік басқару мемлекеттік-жеке серіктестік аясында жүзеге асырылып жатыр. Заң аясында жұмыс жасайды. Құрылтайшылар мектепке дейінгі мекемелерді жөнге келтіреді, жағдайын жақсартады деген талаппен алған болатын. Әр құрылтайшы келісімшарт негізінде жұмыстарын атқарады», - деді Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлназ Мырзағалиева.

Сенімгерлік басқаруға өткен онға жуық бақшада 2551 бала тәрбиеленіп жатыр. Әр кәсіпкер 5 жылға жоспар құрып, балабақшаға белгілі бір көлемде қаржы құяды. Яғни, ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізеді. 5 жылға сатып алу құқығынсыз берілген 9 бөбекжайға құрылтайшылар 560 млн. теңгеден астам қаржы бөлген.

«Біздің №2 «Бұлбұл» мектепке дейінгі ұйымы 1974 жылдан бері жұмыс жасайды. 10 топ бар. Ата-аналар күн сайын 500 теңгеден төлейді. Бұл баға сенімгерлік басқаруға өткенге дейін де, кейін де өзгерген жоқ. Сенімгерлік басқаруға өткеннен кейін балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір ағымдағы жөндеу жалғасып жатыр. Сенімгерлік басқаруға өткеннен кейін көптеген мамандарымыз түсінбей, қорқып, өз еріктерімен жұмыстарынан босады. Ешқандай қысым болмады. Ұжымның 60 пайызы сақталып, кеткен тәрбиешілердің орнына жаңа қызметкерлер алдық. Еңбекақы кешіктірілмей беріледі. Тіпті, бала күтушілердің жалақысы өсті», - дейді №2 «Бұлбұл» мектепке дейінгі ұйымның маманы.

Сенімгерлік басқаруға берілген балабақшаларда әр балаға мемлекеттен 19 254 теңге бөлінеді. Қалалық білім бөлімімен келісімшарт негізіндегі мемлекеттік тапсырыс. Ақтөбе қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Гүлназ Мырзағалиеваның сөзінше, ата-ананың төлемақысы тамаққа жұмсалады. Қосымша сабақтарға ғана ақы алынуы мүмкін. Одан артық ата-ана ақы төлемейді. Барлығы келісімшарт негізінде жүзеге асады.

«Ұлым 3,5 жаста. Бұл балабақшаға дейін менің балам жеке балабақшаға барып жүрді. Ол жақта 1 айға 30 мың теңге төлейтінбіз. Еш өзгеріс көрмедім. Көрсетілетін қызметтер бірдей. Бірақ, мына жақтағы ақысы аз. Бала саны бұрынғы бақшамызға қарағанда көбірек. Ойыншықтар тегін. Жөндеу жүргізілген. Бұрынғысынан жақсы», - деді ата-ана Мария Есенбаева.

Әсел АБАТ

Фото: ERNUR.KZ 



Өзгелердің жаңалығы