Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Палатаның Бюро отырысын өткізді. Онда Сенаттың 2023 жылғы 16 ақпанда өтетін кезекті отырысының күн тәртібі бекітілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бюро отырысында Сенат Төрағасы Түркістан қаласында өткен Орталық Азия мемлекеттерінің бірінші парламентаралық форумын қорытындылады. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, Форумға қатысқан елдердің делегация басшылары іс-шара ұйымдастырушылық және мазмұндық жағынан жоғары деңгейде болғанын атап өткен. Сондай-ақ қатысушылар жаңа алаң өңірдегі елдердің парламентаралық ынтымақтастығын нығайтуға өз ықпалын тигізетініне сенім білдірді.
Алдағы Сенат отырысында депутаттар бірқатар заңды қарайды. Күн тәртібіне шығарылған «Үшінші елдермен өзара саудадағы техникалық кедергілерді жою тәртібі және шарттары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң отандық өнімдерді Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің нарығына шығаруды көздейді. Сондай-ақ келісім өнімнің ЕАЭО-да және үшінші елдің аумағында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау нәтижелерін өзара тануға бағытталған.
Сонымен қатар сенаторлар Палата отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы шекаралық өкілдердің қызмет учаскелері туралы хаттаманы (карта 1:200 000) ратификациялау туралы» заңды қарайды. Хаттаманы ратификациялау екі ел арасында тату көршілік қатынастарды қолдауға, өзара тиімді экономикалық және өзге де ынтымақтастықты дамытуға, Адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге, әрбір қатысушы мемлекеттің мүдделерін қорғауға арналған келісілген шекара саясатын жүргізуге мүмкіндік береді.