Сенатта жылу энергетикасы саласын жетілдіру туралы заң қаралды

25 Маусым 2024, 16:47
322
Бөлісу:
Сенатта жылу энергетикасы саласын жетілдіру туралы заң қаралды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінде кеңейтілген отырыс болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Онда азаматтарды әлеуметтік қорғауды күшейту, жылу энергетикасы саласын жетілдіру және Қазақстан Үкіметі мен БҰҰ арасындағы келісімді ратификациялау мәселелеріне қатысты бірнеше заң талқыланды.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік бақылау мен статистика, халықты қорғау жүйесін жетілдіру, деректерді басқару, заңды тұлғаларды тіркеу және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеу және сатып алу рәсімін оңайлатуды, әкімшілік дереккөздерін белсенді пайдалануды көздейді. Заң орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларын қайта бөлу, цифрландыру қаржысы есебінен респонденттердің есепті жүктемесін азайту арқылы халықты әлеуметтік қорғауды жетілдіруге бағытталған.

Сенаторлар «Жылу энергетикасы туралы» заңға және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерді де талқылады. Өзгерістер жаңартылатын энергия көздерін енгізуге, тарифтерді мемлекеттік реттеу, желілерге техникалық қызмет көрсету ережелерін бұзғаны және жылумен жабдықтау жүйесіне өз бетінше қосылғаны үшін жауаптылыққа бағытталған. Бұл шаралар жылумен жабдықтаудың сенімділігі мен үнемділігін арттыруға, энергияны өндіру мен тұтыну кезінде тиімді бақылауды қамтамасыз етуге арналған.

Парламентшілер «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Ұлттар Ұйымы арасындағы Цифрлық инклюзия және трансформация жөніндегі Азия-Тынық мұхиты министрлік конференциясын ұйымдастыру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды да қарады. Келісім еліміздің экспорттық әлеуетін арттырады және IT-технологиялар саласындағы қазақстандық шешімдерді халықаралық деңгейде көрсетуге мүмкіндік беретін болады.

Комитет отырысының қорытындысы бойынша заңдарды Палата отырысының қарауына жіберу туралы шешім қабылданды.

Өзгелердің жаңалығы