Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Парламенті Сенатында «Суармалы жерлерді пайдалану: жай-күйі, проблемалар және оларды шешу жолдары» тақырыбына арналған дөңгелек үстел болды.
Шараға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың басшылары, сондай-ақ су мәселелері жөніндегі сарапшылар қатысты.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің мүшесі Дүйсенғазы Мусин адамзатқа судың қоры шектеулі әрі ел экономикасының тұрақты дамуын қамтамасыз ететін өзекті фактор екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы жылғы қыркүйектегі Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айта келіп, бұл салада шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бірі - технологиялық тұрғыдан ескірген суару жүйелері және т.б. себептерден судың 40 пайыз мөлшері далаға кетіп жататынына тоқталды. Онсыз да су тапшылығының зардабын тартып отырған елімізде бұған жол беруге болмайтынын, осы саланың нормативтік-құқықтық тұрғыдан реттелуін қамтамасыз ету және заманауи технологиялар мен инновацияны енгізу үшін экономикалық ынталандыру шараларын әзірлеу қажет, - деді Дүйсенғазы Мусин.
Трансшекаралық су пайдалану мәселелерінің маңызын ескере отырып, осы саланың халықаралық-құқықтық негізін қалыптастыру ұсынылып отыр. Сондай-ақ су шаруашылығы объектілері мен құрылыстарын толық көлемде паспорттауды жүргізу, олардың техникалық жай-күйін есепке алу қажеттігі атап өтілді.
Сенаттың Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев ауыл шаруашылығында суармалы егіншілікті дамытудың экономикалық, әлеуметтік және экологиялық маңызын ескере отырып, ауыл шаруашылығы жерлерін суару кезінде су ысырабын азайту, сондай-ақ суармалы егіншілікке қазіргі заманғы технологиялар мен инновацияларды енгізу үшін экономикалық ынталандыру жөніндегі кешенді шаралар әзірлеу қажеттігін атап өтті.
Шара барысында сондай-ақ ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Сергей Громов, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры Нұрлан Балғабаев, «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің агрохимиялық қызметі республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы» РММ директоры Нұрлан Сәдібеков, «Ө.О.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС басқарма төрағасының м. а. Бейбіт Сүлейменов, «Қазсушар» РМК бас директоры Арман Қасенов, сондай-ақ Түркістан, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстары әкімдерінің орынбасарлары қатысты.
Дөңгелек үстел қорытындысы бойынша Үкіметке жіберілетін ұсынымдар әзірленді.