Сенатта су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

15 Ақпан 2019, 22:05
1978
Бөлісу:
Сенатта су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері талқыланды

Астана, BAQ.KZ. Парламент Сенатында Халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері азаматтық қорғаныс, атап айтқанда су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және көктемгі су тасқынына дайындық мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың өкілдерімен кездесті. Бұл туралы Сенатының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Комитет төрағасы Дариға Назарбаева мәселенің маңызын атап өте келіп, мемлекеттік органдар жұмысындағы бірқатар жүйелі олқылықтарға назар аударды. Соның салдарынан ықтимал су тасқыны күтпеген апатқа ұласатыны айтылды.

«Бұл ретте бірқатар мәселелер орын алып отыр: уәкілетті органдарда мамандардың аздығы және толық еместігі, гидрометеорология қызметіндегі қаржы жетіспеушілігі, гидротехникалық құрылыстардың дұрыс жобаланбауы, су басу қаупі бар учаскелерде елді мекендердің заңсыз салынуы және басқа да көптеген мәселелер бар», - деді сенатор.

Д.Назарбаеваның пікірінше, гидротехникалық құрылыстарды қауіпсіз пайдалану саласындағы түрлі мекемелердің құқықтық актілеріндегі келіспеушілік, көпфакторлы талдау өткізу мерзімдерін қайта қарау мәселелері шешімін таппаған.

Су тасқынының салдарын алдын алу жөніндегі жүзеге асқан және қабылданып отырған шаралар туралы ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин, ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Арман Евниев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Василий Крылов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Ақтанов баяндама жасады.

ІІМ мәліметтеріне сәйкес, құрылыстар еліміздің түгелге жуық өңірлерінде төтенше жағдай қаупін ескерместен және су қорғау белдеулері мен аймақтары шегінде салынады. Сондай-ақ иесіз жатқан 29 гидротехникалық станциялардың мәселелері шешілмеген және соңғы 3 жылдың ішінде Атырау, Маңғыстау және Қостанай облыстары жергілікті атқарушы органдарының хабарлау жүйесін жаңартуға қаржы бөлінбеген.

Ғалымдар мен сараптама қоғамдастықтарының өкілдері депутаттарға су қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері туралы айтып берді. Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы Ғылыми-ақпараттық орталығының директоры Нариман Қыпшақбаевтың айтуынша, аталған мәселелердің ішінде ұлттық және жергілікті деңгейлерде су басқару мәртебесін арттыру кезек күттірмес мәселе болып табылады. Ол Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық су кеңесін және Үкімет жанындағы Су ресурстары агенттігін құруды ұсынды.

Д.Назарбаева ғалымдардың ұсынысына қолдау білдірді. «Біз, барлық депутаттар осы мәселенің шешілуіне бір ауыздан қол жеткізуіміз қажет», - деп атап өтті сенатор.

Парламент Сенатының Халықаралық қатынас, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті өткен жылғы наурыз айында су тасқынына байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу үшін ұсынымдар берген болатын. Алайда, сенаторлар уәкілетті мемлекеттік органдар ол ұсынымдарды орындау жөніндегі жұмыстарды атқарған жоқ деп санайды.

Өзгелердің жаңалығы