Сенатта Сингапурмен сауда және инвестиция туралы келісім талқыланды

25 Маусым 2024, 21:30
379
Бөлісу:
Сенатта Сингапурмен сауда және инвестиция туралы келісім талқыланды
Фото: Сенаттың баспасөз қызметі

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыста «Қазақстан Республикасы мен Сингапур Республикасы арасындағы көрсетілетін қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Сингапурдың сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтуге, қазақстандық қызметтерді экспорттаушыларға әріптестер нарығына қол жеткізу мүмкіндігін ашуға, қазақстандық капиталдың қатысуымен кәсіпорындар құру мен өзара инвестиция тарту және қорғауға қосымша жағдай қалыптастыруға бағытталған. Келісімде қызметтер саудасы, инвестиция тарту және қорғау, жеке тұлғаларды ауыстыру, транспаренттілік және дауларды шешу мәселелеріне қатысты ережелер көзделіп отыр.

Әрбір тарап тарап екінші инвесторларының инвестициясына әділ және тең құқықты тәртіпті, халықаралық құқыққа сәйкес толық қорғау мен қауіпсіздікті ұсынады. Тараптар бір-бірін жеке тұлғалардың келуіне және уақытша болуына қойылатын талаптарға қатысты өзекті түсіндірме материалдармен қамтамасыз етеді, сондай-ақ өзара қолайлы шешімге қол жеткізу үшін Келісімде айқындалған тәртіппен кез келген даулардың туындауын болдырмайды және оларды шешуге ықпал етеді.

Құжат сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге, Сингапур Республикасының нарығына отандық қызметтер экспортын ұлғайтуға, Қазақстанға инвестиция көлемін ұлғайтуға жәрдемдесуге мүмкіндік беретін болады.

Комитет мүшелері талқылау қорытындысы бойынша заңды Палата отырысында қарауға жіберу туралы шешім қабылдады.

Өзгелердің жаңалығы