Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары кеңейтілген отырыс өткізді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Онда "Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясының біртұтас энергетикалық жүйелерінің қатар жұмыс істеуін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы келісімді ратификациялау туралы" заңды талқылады.
2023 жылғы 9 қарашада Астанада қол қойылған бұл келісім Қазақстан мен Ресей арасындағы электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастықты ресми түрде реттеуге бағытталған. Құжат екі ел ынтымақтастығының негізгі шарттарын белгілейді, энергетикалық жүйелердің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету тетіктерін айқындайды және Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясын өндіру мен тұтыну арасындағы сағат ауытқуларын реттейді.
Заң аясында энергожүйелердің қосарлы жұмысын қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қарастырылған. Олардың қатарында электр энергиясын жеткізу көлемін жыл сайын келісу, оны сатып алу мен сату құнын анықтау, сондай-ақ жоспарлы тұтыну көлемін өтеуге арналған коммерциялық тетіктер бар. Келісімді ратификациялау Қазақстан мен Ресей арасындағы энергетикалық ынтымақтастықты нығайтуға, электрмен жабдықтауда сенімділікті арттыруға және Қазақстанның энергожүйесіндегі реттеуші қуат тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.
Депутаттар кеңейтілген отырыс қорытындысы бойынша заңды Палата қарауына жіберу туралы шешім қабылдады.